Оның 412-сі «Алтын белгіге» үміткер. Алда үлкен сынақ – ҰБТ. Ендігі бар түлектің, оларды он бір жыл білім нәрімен сусындатқан ұстаздың, ата-аналардың тілегі – сол сыннан сүрінбей өту.
№9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мектеп лицейі өзінің тарихындағы 22-түлектер легін ұядан ұшырды. Биыл 42 бала үлкен өмірге қанат қақты. Жүректері алабұртқан түлектердің бойында қобалжу мен толқу бар.
Абылайхан Жұмабеков, бітіруші түлек:
Мектеп бітіріп жатқанан кейін, үлкен өмірге қорқыныш бар. Бірақ, өмір заңы осындай, мектептен кейін университет, әрі қарай үлкен өмірге қадам басу керек. Сол себепті қорқынышымызды жеңіп, біз үлкен өмірге қадам басатын боламыз.
Абылайхан – үздік оқушының бірі. Түрлі халықаралық олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атанған. Мектепте оқып жүріп, «Сүлеймен Демирел» университетінің грантына ие болды.
Мектеп-лицейде оқушылар жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдетіліп оқытылады. Жаңашылдығы мол білім беру мекемесінің ауыз толтырып айтар жетістігі көп.
Руслан Сихымбеков, №9 дарынды балаларға арналған «білім-инновация» мектеп-лицейінің директоры:
Жыл сайынғы көрсеткіш бойынша, түлектеріміздің 10%-ы жоғары оқу орындарына түседі. Сонымен қатар, шетелдің ең алдыңғы қатарлы университеттеріне түсуде. Биылдың өзінде Кореяның Пуссан университетіне және де Американың, Англияның жоғары беделді университеттеріне құжатын тапсырып, кері жауабын күтіп отырған оқушыларымыз бар.
Соңғы қоңырау соғылды. Бұл сәт кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Мектеп бітірушілер жүректі тебіренте ән салып, қоштасу вальсін биледі. Сондай-ақ, жастардың болашағы жарқын болсын деген игі тілектер айтылды.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ