Телекөпір барысында Жамбыл облысының Қаратау қаласында натрий цианидін шығаратын алып зауыт іске қосылды.
Бұл - ел аумағында осындай өнім шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Зауыт өнімі негізінен алтынды керексіз қоспалардан айыруға пайдаланылады.
Сонымен қатар, өнеркәсіптің өзге де саласында кеңінен қолданылмақшы. Құрылысы осыдан 2 жыл бұрын басталған зауытты салуға 13 миллиард теңгеге жуық инвестициялық қаржы жұмсалып отыр.
Жаңа ашылған кәсіпорынның арқасында 500-ге тарта адам жұмысты болды. Дені - жергілікті мамандар. Олардың біразы Қытайда, ел аумағындағы жоғары оқу орындарында білім мен тәжірибе жинақтады.
Зауыт жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіреді. Бұл - отандық өндіріс сұранысының тең жарытысы. Химиялық өнім бұған дейін шеттен тасымалданып келді.
Бахадыр Жүсіпов, зауыттың бас инженері:
Шикізат өзімізден. Атыраудан амиак аламыз. Өзбекстаннан аламыз, Бізге қажеті - күкірт қышқылы. Қазір «Қазфосфатпен» келісімшарт жасадық.
Зауыт түгелдей озық техникалық қондырғылармен жабдықталған. Заманауи технология мен барынша жетілдірілген өндірістік желі - өнім сапасының жақсаруына және экологиялық қауіпсіздікке негіз болды.
Шикізаттан дайын өнімге дейінгі әрбір өндірістік саты жіті тексерістен өтеді.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Зауыт зертханасында сараптаманың 30-ға тарта түрі жасалады. Бұл зерттеулерге адами фактордың әсері аз. Өнім сапасы, өндіріс қалдықтарының мөлшері айқын дәлдікпен жұмыс істейтін қондырғылардың көмегімен анықталып, сол заматта компьютердің жадында сақталады.
Валентина Синяева, зертхана меңгерушісі:
Қондырғылардың молдығы жұмыс күшіне деген тәуелдіктен арылтып отыр. Зертханалық жабдықтар ең бастысы өндіріс мамандарының өнім сапасын негізсіз жақсартып көрсетуіне жол бермейді.
Зауытың тағы бір артықшылығы - қалдықсыз жұмыс істейді. Алғашқы өндірістік сатыда керексіз болып қалған заттардан аммони сульфаты өндірілетін болады.
Оның жылдық көлемі - 5 мың тонна. Бұл ауыл шаруашылығы саласында минералды тыңайтқыштарға болған сұранысты мейілінше азайтуға сеп жасайды.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ