Түркістан облысындағы үш ауылға газ берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы үш ауылға газ берілді

30.05.2019

Осыдан 7-8 жыл бұрын ауылдарының небәрі оннан бірі ғана өркениет игілігіне қол жеткізген аймақта қазір халықтың 87 пайызы көмір жағып, күл шығарудың қиындығынан құтылды.

Жалпы, ауылдарға табиғи газдың жеткізілуі экологиялық ахуал мен елдің тұрмыстық жағдайын түзеуге ғана сеп жасаған жоқ. 120 мыңға тарта халық тұратын ауданның инвестициялық ахуалын жақсартып, экономикалық қуатын арттыра түсті.

Қайнар ауылында бәрінен бұрын көгілдір отын жағып, тұрмысы жайлана түскен Мәуекүл әженің шаңырағы. Жасы 103-ке келген кейуананың үйіне мердігер компания газды өз есебінен тегін кіргізіп берді. Табиғи газдың келуі көпбалалы әрі қонақжай отбасының тірлігін шуақты ете түсті.

Райкүл Үсіпбаева, ауыл тұрғыны:

- Біраз босап қалдық қой. От жағудан. Қолымыз ұзарып, жақсы болды. Дайын газ. Екі күн болды. Бүгін үшінші күн ғой жағып жатқанымыз. Шәйіміз қайнаулы, тамағымыз пісулі.

Биылғы Рамазан айында аудандағы 3 ауылдың халқы осындай қуанышқа кенелді. Барлығы да орталықтан шалғай, таудың етегін ала қоныстанған мекендер.

Тәттібек Дүйсебаев, ауыл тұрғыны:

- Мәдени жағынан да, экономика жағынан да, одан соң ауылдың тұрмыс жағдайына да әсер етеді. Өйткені жұмыс жеңілдейді. Ауа тазарады.

Келесі айда Төңкеріс пен Балдыберек ауылдарына да газ құбырын жүргізу ісі басталады. Жоспар бойынша құрылыс келер жылы аяқталып, үй-үйге көгілдір отын беріледі. Сондай-ақ, қалған 7 елді мекенде газ құрылысының жобалық-құжаттамасы сараптамадан өтіп, мақұлданды. Бұл ауылдарда бүгінде 8 мыңнан астам отбасы тіршілік етеді.

Бауыржан Омарбеков, Төле би ауданының әкімі:

- Сол 7 елді мекенді газбен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 2020 жылға республикалық бюджеттен қаржыландырады деп жоспарлап отырмыз. Осы жобалар түгел іске асқанда Төле би ауданы 2020 жылдың айналасында толығымен газданады.

Таудың етегін ала қоныстанған Төле би ауданына табиғи газдың жеткізілуі өндіріс пен кәсіпкерліктің де өзегіне қан жүгіртті. Қазір аймақта құс фабрикасы, металлургия және битум зауыты жұмыс істеп тұр. Ленгр қаласының іргесінен индустриалды аймақ құрылған. Бұл жерге тамақ және жеңіл өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар шоғырлануда.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу