Табиғат жанашырлары Талас өзенін қоқыстан тазартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Табиғат жанашырлары Талас өзенін қоқыстан тазартты

30.05.2019

Жамбыл облысының Қырғызстанмен шектесетін таулы аймағында қос елдің жастары бірлесіп сенбілік өткізуде. Екі елдің ерікті жастары «Бір өзен - бір тағдыр» атты тазалық акциясы аясында шекарадағы Талас өзенін жағалай тазалауға кіріскен.

Сәбит Әлдебай, тілші:

- Қос елге ортақ өзенді жағалай жүрсеңіз, шашылған полиэтилен қалдықтардан көзіңіз сүрінеді. Сондықтан ерікті жастардан құралған екі елдің азаматтары Таластан Таразға дейінгі аймақты тазалауды бастап кетті. Осылайша қойы қоралас, жаны аралас көрші елдің жастары жақсылық жасаудан жарысып жатыр.

Сан ғасыр тоқтаусыз ағып тұрған Талас өзені бауырлас қос елдің баға жетпес байлығы саналады. Екі мемлекеттің жастарынан құралған экологиялық топ дарияның бойын қоқыстан тазартпақшы. Әсіресе, көпшілік баратын орындар шашылып жатыр. Акцияға қатысушылар өзен бойын жағалай ескерту тақташаларын іліп, көпшілікті табиғатты таза ұстауға шақырды.

Шараға Қазақстан мен Қырғызстанның жастар ұйымының өкілдері мен ерікті жастары тартылған. Қырғыз Алатауынан бастау алатын өзеннің жағасынан бір тоннадан астам полиэтилен қалдықтары шығарылды. Жалпы ұзындығы 661 шақырымды құрайтын өзеннің 453 шақырымы Қазақстанға тиесілі.

Ерікті жастар екі күн үшінде Таластан Таразға дейінгі аймақты жүріп өтті. Экологиялық топ шекара бойындағы Аса, Шу өзендерін де тазарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. «Мұндай игілікті шара қос ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтып, ортақ байлықты бағалауға баулиды», - дейді акцияға қатысушылар.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу