Мұнай-газ өндірісінің өрісі кеңейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнай-газ өндірісінің өрісі кеңейді

03.07.2014
Мұнай-газ өндірісінің өрісі кеңейді

Ақтау қаласында мұнай-газ өндірісінің ұлттық кластері активінің конгресі өтті. Онда мұнай-газ саласы мен кластерлік бастама құрамын дамыту мәселелері талқыланды. Мұнай саласына қызмет көрсететін кластерді дамытуға Маңғыстау өңірі қолайлы болмақшы. Басқосуда осы бағыт зерделенді.

Үкіметте 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық  даму бағдарламасы мақұлданғаны белгілі. Оның аясында Батыс аймақтарда мұнай-газ, мұнай- химия, машина жасау салаларында  ұлттық кластерлер құрылып, оған мемлекет қолдау көрсететін болады.

Осы орайда Маңғыстау мұнай-газ өндірісіне қызмет көрсететін кластер құруға тиімді аймақ екені дәлелденіп отыр. Конгресте алдымен осы мәселе сөз болды.

Алик Айдарбаев, облыс әкімі:

Маңғыстау теңіздегі және құрлықтағы барлық мұнай- газ кен орындарына сервистік қызмет көрсетуге оңтайлы аймақ. Оған облыстың жағрапиялық орналасу жағдайы, көлік-логистикасы мен теңіз порттары мүмкіндік береді.

Өндіріс саласы өкілдерімен ұлттық кластер жұмысының негізін анықтап, диалогтық алаң құру- конгресті өткізудегі мақсат осы. Аймақтағы мұнай-газ саласынан ұлттық қор 690 миллиард теңгеге толықты.

Қазір Қаламқас, Өзен, Қаражанбас, Доңға сияқты кен орындардың өндіріс көлемі артып отыр. Ұлттық компаниялар тағы 16 учаскеде геологиялық қазба жұмыстарын бастайды.

Сунь Синъюнь, мұнай компаниясының бас директоры:

Біз облыс аумағында жылына 4 миллион тонна мұнай өндіріп жатырмыз. Болашақта оның көлемін 8 миллион тоннаға жеткіземіз деген меже бар. Осы тұста бізге сервистік қызмет қажет болады.

Өңірге испандық инвесторлар газ құрылғыларын шығаратын кәсіпорын ашуға, малайзиялықтар метанол мен сұйық газ өндірісіне қаражат құймақ. Мұның бәрі Маңғыстауда мұнай-газ сервис кластерін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл үшін бірқатар түйіткілді мәселе шешілуі тиіс.

Екатерина Никитинская, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Бізде сервис, жер қойнауын пайдалану, қазба жұмыстары мен кадр даярлау ісі өзекті. Индустиряландыру бағдарламасының 2-ші кезеңі осыны оңтайландыруы керек. 

Конгресс соңында қарар қабылданды. Онда қатысушыларының сындарлы ұсыныстары жинақталған. Сала мәселелерін шешетін заңнамалық актілерге толықтырулар енгізуді жүзеге асыру үшін құжат Үкімет пен Парламентке жолданады.      

 

Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу