Оралда кәріз құбыры жарылып, қаланың бір бөлігі сусыз қалды (Толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда кәріз құбыры жарылып, қаланың бір бөлігі сусыз қалды (Толығырақ)

30.05.2019

Апат болған бойда 120 мың тұрғыны бар шаһарда су беру тоқтатылды. Қазір, әсіресе, қаланың солтүстік-шығыс ауданының тұрғындарына қиын соғып отыр. «Әлі үш күндей амалдай тұру керек», - дейді қала билігі. Төтенше жағдайлар жөніндегі штаб құрылды. Қазіргі ахуал жайлы әріптесім Ардақ Мұратқызы тарқатып айтады.

Гүлзира Сайынбетова, тұрғын:

- Кешеден бері ескертусіз су жоқ. Барлық қала осылай қаңғып жүр. Дүкендерде су қымбаттап кетті. «Ақжайық» суын 230 теңгеге алдым 5 литрін. Бұрын 170-180 теңге болған еді.

Қазір қала билігі ауызсуды тасымалдап жеткізіп жатыр. Шаһардың 15 аумағынан орын белгіленді. Әкімдіктің айтуынша, шамамен 60 мың тұрғын сусыз отыр.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Қаланың, әсіресе, солтүстік-шығыс аудандарында мүлдем су жоқ. Әр шағын ауданға мынадай арнайы көліктермен су беріліп жатыр. Көріп тұрғаныңыздай, халықтың қарасы қалың. Ал бұған қарсы бетте ақылы су сатылып жатыр. Литрі – 10 теңгеден. Бұл жерде де ұзын-сонар кезек.

Зиға Сабырова, тұрғын:

- Бір водовоз су кімге жетеді? Екі сағатқа жақын уақыт өтті. Әлі кезегім келген жоқ.

Белгіленген орындарға тасымал түнгі сағат 23:00-ге дейін ұйымдастырылады. Соның өзінде халық тіршілік нәрін жаппай талап әкетіп, кейбіреулерге жетпей қалып жатыр.

Жаңылдық Бекқарнайова, тұрғын:

- Сағат 10:00-де шықтық. Мына жерде «Лейла» деген, «Дәулет» деген дүкендер бар. Ол жерлерде тұрып-тұрып, 1 сағаттай тұрған шығармыз, ол бітіп қалды. Содан кейін шұбырып, осы жерге келдік.

Әбігердің себебі – кеше кешкісін кәріз коллекторының бір бөлігі істен шықты. Бұл он жыл бұрын ғана салынған құбыр. «Сол кезде жұмыс сапасыз жасалған», - дейді қала басшылығы. Тура бір жыл бұрын осы кәріз жүйесінің Шолохов көшесіндегі құбыры жарылған еді.

Мұрат Мұқаев, Орал қаласының әкімі: 

- 2009 жылы салынған кәріз жүйесі сапасыз болғандықтан, шыны талшықтар езіліп, толық істен шыққан. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасымен, жобаның құны 3 млрд теңге құрайтын болса, 1 млрд 200 млн теңгесі бөлінді. Алдағы шілде-тамыз айларында бұл кәріз жүйесінің 6 шақырымының жөндеу жұмыстары басталады.

Бастапқыда төтеншелік мамандар апаттың себебін жер қазу кезінде жекеменшік компания құбырды тесіп кеткен деп таратқан еді. Кейін ол ақпарат жоққа шығарылып, себептері нақтыланып жатыр делінді. Қалай десек те, 70-80-ші жылдары салынған су-кәріз жүйесі тозып болса да, төзіп тұрғанда, он жыл да болмаған құбырдың шіріп кетуі күмән туғызады. 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу