Алматы облысы, Талғар ауданынан табылған 168 адамның сүйегі қайта жерленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы, Талғар ауданынан табылған 168 адамның сүйегі қайта жерленді

31.05.2019

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығы өкілдерінің сөзінше, төрт ай сот-сараптамалық зерттеу жүргізілген. Құрбандардың есім-сойлары түгел анықталмаған. Алайда, құбырдан қазып алынған қаңқалардың ішіндегі бас сүйектің бәрінде оқтың опырайған орны бар. Соған мән берген зерттеушілер бұл қуғын-сүргін кезінде атылған Алаш арыстарының қаңқалары болуы мүмкін деп отыр.

Мына бассүйектер былтыр Талғар ауданындағы Жаңалық ауылының тұрғыны Марат Байғожаевтың ауласынан табылған. 168 адам сүйегінің  56-сы осы үйдің аумағында жерленіпті. Бұл жерден қаңқаларлардан бөлек, тұрмыстық заттар да шыққан.

Мұрат Байғожаев, Жаңалық ауылының тұрғыны:

Қорқатынбыз, Мамама айтатынмын. Мамам шелек қойып қоятын. Жасыратын ештеңесі жоқ қой, кішкентаймыз. Пештің алдына түнде шыққан кезде тура залда, есікте ақ киімді адам. Әлі көзімде. Сол адамды мен айтсам әпкем де көрді, ағам да көрді, мамам да көрді, үйдегі бар адамдар бәріміз көрдік.

Ал, зерттеушілер адамдардың бір мезетте атылғандығын анықтады. Тіпті, оқтың қанша қашықтықтан атылып, қалай тигеніндігіне дейін мәлім. Алайда, құрбандардың нақты кім екендігі әзірге белгісіз күйінде қалды. Себебі, бұл туралы ешқандай дерек жоқ. Шетелдік ғалымдардың көмегіне жүгініп, генетикалық сараптама жасау үшін қыруар қаражат қажет.

Жұмабек Ашуұлы, Қазақстандағы саяси қуғын- сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы:

Сол жылдары атылған адамдардың қайда апарып көмілгенін білмейміз. Жаппай әкеліп көме берген ғой. Аты-жөндерін білмейміз. Ең өкініштісі - кімнің қай жерде жерленгені туралы ешқандай дерек жоқ. Егерде осы тарихымыз арқылы ұрпақ тәрбиелемейтін болсақ, онда не болғанымыз? Өз тарихымызды өзіміз зерделемесек, оқымасақ, зерттемесек, соны халыққа, ұрпаққа жеткізбесек, онда біздің істеп жүрген ісіміздің бәрі түкке де тұрмайтын нәрсе.

168 адамның қаңқасы Жаңалық ауылының маңында орналасқан қорымға жерленді. Жергілікті жұрт құрбандарға Құран бағыштап, дұға қылды. Ал, сүйектер табылған жерде қазба жұмыстары әрі қарай жалғасады.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу