Жергілікті экологтар «Ақтөбе жақын жылдарда шөлге айналуы мүмкін» дейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жергілікті экологтар «Ақтөбе жақын жылдарда шөлге айналуы мүмкін» дейді

04.06.2019

Жергілікті биліктің өзендердің арнасына кеңейту жұмыстарын жүргізуі жығылған үстіне жұдырық болған. Қазір өңірдегі барлық өзеннің суы азайып кеткен.

Бұл «Елек» өзеніне жүргізілген кеңейту жұмыстарының нәтижесі. Әр жерде тау-тау болып үйілген топырақ сол күйі тұр. Салдарынан негізгі арнасынан бөлініп қалған мынадай көлшіктер шіріп, иістеніп жатыр.

Алайда, экологтар жағдай бұдан да күрделі дейді. Ауыр техникалар өзендердің жүздеген жыл бойы қалыптасқан табиғи жүйесін бұзған. «Тазарту, кеңейту жұмыстары басталмай тұрып ,ғылыми сараптама жасалған жоқ, сондықтан су арналары кеуіп қалды дейді олар.

Үмбетәлі Сәрсембин, эколог:

Ғылыми ешқандай зерттеулер жүргізілмеген. Өйткені, ол судың астында бұлақ болуы мүмкін деген секілді. Көздер жабылып қалып тұр. Қазір көп жерлер батпаққа айналып кетті. Оның бәрі ағаш тамырына әсер етеді. Яғни, экожүйе бұзылып тұр.

Биыл қала маңындағы қоймаларға су өте аз жиналды. Мәселен, Ақтөбе жасанды көлінің көлемі 245 миллион текше метр болса, биыл оның үштен бірі ғана толды. Қарғалы мен Сазды су қоймаларының да жағдайы мәз емес. Белсенділер бұл мәселеге қоғам назарын аударуды көздейді.

Марина Цыганкова, қоғам белсендісі:

Қоғам өкілдері осындай мәселелерге барынша араласуы керек деп ойлаймын. Су тартылып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, көп ұзамай Ақтөбе шөлге айналады. Біз балаларымыздың болашағы үшін алаңдаймыз.

Соңғы жылдары тек өзен-көлдердің ғана емес, жер асты суларының да қоры азайып кеткен. Экологтар «Өңірде жұмыс істеп жатқан мұнай компаниялары жер асты суларын ластауда», - дейді. Табиғат жанашырлары мәселеге жергілікті билік пен құзырлы органдардың назар аударғанын қалайды.

Жақсыбек КЕМАЛ

 

Хабарламаларға жазылу