4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні

04.06.2019

Бүгін, 4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні. 1992 жылы дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Атаулы мереке еліміздің әр түкпірінде айрықша аталып өтті. Көк ту мен Елтаңбамыз ең алғаш Алматыда қабылданған. Сондықтан бұл қала үшін мерекенің мән-маңызы зор. Елдігіміздің нышанына айналған рәміздер жастардың бойына бостандық пен бейбітшілік, азаттық пен еркіндіктің дәнін екті. Мерекелік шараға қала әкімі Бауыржан Байбек пен көптеген қоғам, мәдениет қайраткерлері қатысты. Концертте танымал эстрада жұлдыздары патриоттық әндер шырқады.

Ұлықбек Есдәулет, ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын:

Дәл осы Мемлекеттік рәміздер біздің Қазақстанның атын бүкіл әлемге әйгілеп тұрады. Бүкіл елмен тереземіз тең екендігін, керегеміз кең екендігін және әлемдегі ең озық ұлттармен біздің бәсекелесе алатындығымыздың, озық мемлекеттермен бәсекелесе алатындығымыздың бірден бір нышаны осы рәміздер деп айтуға болар еді.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қызметкерлері бүгін ұжым болып ұлттық гимнді орындап, Елтаңба авторымен кездесті. Рәміздерді ұлықтауға арналған шараға әкімдік орталық ғимаратында жұмыс істейтін 200-ге жуық қызметкер қатысты.

Ал Ақтауда тіпті 700 мемлекеттік қызметші бір мезгілде әнұранды орындады. Орталық алаңдағы көк тудың астына жиналғандар осылайша мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетті. 

Хабарламаларға жазылу