Ресейліктердің интеграцияға деген көзқарасы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейліктердің интеграцияға деген көзқарасы анықталды

09.07.2014
Ресейліктердің интеграцияға деген көзқарасы анықталды

Ресей халқының басым бөлігі, Астана қаласында қол қойылған, Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімді қолдайды. Көрші ел халқының пікірінше, осыдан 20 жыл бұрын айтылған, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция туралы идеясы барлық тарапқа тиімді. Осы және өзге де интеграциялық процестерге қатысты, Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы арнайы сауалнама жүргізген.

Еуразиялық интеграцияға қатысты Ресейдегі қарапайым халықтың пікірі, күні бүгінге дейін белгісіз болып келген. Бұл мәселеге қатысты сауалнама, тек өткен айдың ортасында ғана тұңғыш рет жүргізілді. Сұрақ-жауапқа, әр тараптағы 130 елді мекеннің 1600 тұрғыны қатысқан. Нәтижиесі мынадай:

Кирил Родин, Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының бөлім басшысы:

Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі, яғни, 70 пайызы Еуразиялық экономикалық  одақтың құрылуын қолдайтындарын айтты. Ал респонденттердің 25 пайыздан астамы немесе төрттен бір бөлігі сұраққа нақты жауап бере алмаған. Бұл топтағы адамдар, Еуразиялық одаққа қатысты өз ұстанымын әлі анықтаған жоқ деген сөз. Ал интеграцияға түбегейлі қарсы болғандардың саны - 4 пайыз.

Халық арасына тасталған тағы бір сауал, одаққа қосылуы мүмкін өзге мемлекеттер туралы. Бұл мәселеде ресейліктердің 45 пайызы Арменияны атаса, респонденттердің 20 пайыздан астамы Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы және Молдова сынды елдерді одақ құрамында көргісі келетінін айтқан. Ал, одақтың келешектегі орталығы ретінде жұрттың 34 пайызы Екатеринбургты, 22 пайызы Мәскеуді және 16 пайызы Астананы атаған.

Дмитрий Журавлев, аймақтық проблемалар институтының директоры:

Астана қаласының болашағы зор. Күн санап өсіп келе жатқан қаланың, алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың астанасы болуға да шамасы жетеді. Ал Мәскеуде халық та, көлік те көп.

Бос ғимараттар жоқтың қасы. Оған қарағанда, инфрақұрылымы жағынан Астанада жұмыс істеу жеңіл болады. Бұл - бір. Ал екіншіден, Астана орталық болса, Еуразиялық одақта Ресейдің ықпалы басым деген әңгіме толастар еді.

Осылайша, одақ туралы келісімде, орталық Мәскеуде болады деп жазылғанымен, ресейлік қарапайым азаматтар Екатеринбургты, ал сарапшылар Астананы таңдап отыр. Мамандардың айтуынша, қатып қалған ештеңе жоқ. Сондықтан, бұл мәселенің ресми түрде, тағы да талқыға түсуі әбден мүмкін.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу