Дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған ипотека қашан беріле бастайды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған ипотека қашан беріле бастайды?

05.06.2019

Дәрігерлер мен мұғалімдерге жеңілдетілген тәртіппен баспана берілетін болды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде жаңа бағдарлама таныстырылды. Қазақстан ипотекалық компаниясы мен Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрлігі келісімге қол қойды. Бұл қандай баспана? Кімдер қатысуға құқылы? Жаңа бағдарламаның тетіктерін Әсима Нұрбайқызы түсіндіреді.

Елде білікті ұстаздар мен мықты дәрігерлер тапшы. Оның себебі де түсінікті. Әлеуметтік жағдайлары мәз емес. Жұмыс ауыр, бірақ жалақы мардымсыз. Биыл бұл түйткілдің түйіні тарқайды. Осы айдан бастап айлық өсті. 30 пайызға дейін. Енді баспана мәселесі шешілмек. Бүгін үш тарап келісімге қол қойды. Олар Қазақстан ипотекалық компаниясы, Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрлігі. Құжат бекіді. Демек, баспанаға мұқтаж мұғалім мен дәрігер жақында басты проблемасынан арылады. 

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Баспана тапшылығы мәселесі бар. Қазіргі күні, қолдағы мәлімет бойынша, 15 мыңнан астам дәрігер қажет болып отыр осы баспанаға..Қазақстандық ипотекалық компаниямен келісім - біз үшін қуанышты жаңалық. Бір жарым мың біздің медқызметкерлер республика бойынша арендалық баспана алатын болады. Бұл жұмысты біз әрі қарай жалғастырамыз.  

Қызметкерлерге пәтерлер жалға беріледі. Бірақ оны кез келген уақытта сатып алуға болады. Оның үстіне айыппұл санкцияларын қолданусыз мерзімінен бұрын меншіктеуге мүмкіндік бар. Шарттары да жеңіл. Отбасында соңғы 5 жылда үй болмауы керек, Жалға беру мерзімі 20 жылға дейін. Бастысы - бастапқы жарна қажет емес. Ал егер қызметкердің айлығы жеткіліксіз болса, онда кепілгер тартуға мүмкіндік бар. Үміткерлер тізімін тікелей министрліктер жасайды. Сосын төлем қабілеті расталғандарға ипотекалық компания пәтерлерді бере бастайды.

Әділ Мұхамеджанов, "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы:

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 40 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталып отыр. Бұл Қазақстан ипотекалық компаниясының жеке қаржысы және нарықтық талаптарға сай қарызға алынған қаражатты жұмсаймыз. Осылайша, мемлекеттік бюджетке салмақ түспейді. 

Пәтердің айлық төлемі нарықтағы сомадан анағұрлым аз. Мысалы, Елордада 1 бөлмелі пәтерге төленетін төлем 50-55 мыңнан аспайды. Жаңа бағдарлама алдағы 1-2 айдың ішінде басталады. Осы бастаманың арқасында алдағы екі жылда 3000 қазақстандық баспаналы болмақ.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу