Ақтөбеде 11 отбасы апатты үйде тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 11 отбасы апатты үйде тұрып жатыр

07.06.2019

Ақтөбеде 11 отбасы салынғанына ғасырға жуық уақыт болған үйде тұрып жатыр. Әбден ескірген ғимараттың қабырғалары жарылып, іргетасы шөгіп кеткен. Тұрғындар үйіндінің астында қаламыз ба деп, жандарын шүберекке түйіп отырғандарын айтады. Ең сорақысы, жергілікті билік бұл үйді тек өткен жылы ғана апатты деп таныған.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Бұл үйдегі электр сымдарының өзі әбден ескірген. Бірнеше рет өрт те болған. Мұндағы пәтерлерге кәріз жүйесі, газ, тіпті су тартылмаған. Тұрғындар қаз-қатар тұрған мынадай қол жуғыштарды пайдалануға мәжбүр.

Нұрлан жарты жыл бұрын ғана пәтеріне жөндеу жасапты. Алайда «Еңбегім еш кетті», - дейді. Қабырғаға қайта сызат түсіп, ол ұлғая бастаған. Ал, жаңбыр жауған сайын төбеден аққан тамшымен алысып әлекке түседі.

Нұрлан Қуантайұлы, тұрғын:

- Жылына 2 рет жөндеу жұмыстарын жасап тұрамыз. Төбемізге сызат түсті.

Шатыр шұрық тесік, еденнің жағдайы тіпті нашар. Тұрғындар әжетханаға далаға шығады. Ал үйдің дәл ергесінде мектеп орналасқан.

Орынбике Мырзабаева, тұрғын:

- Білмейміз не істейтінімізді. Әжетхананы кіргізуге болмайды бұл үйге. Неге жөндау жасамайсыздар дейді. Мен үйіме жасадым, бірақ қабырғалар жарылып жатыр.

92 жыл бұрын салынған бұл үй тек өткен жылы ғана апатты деп танылған. Ғимаратты құлатып, орнына жаңасын салу үшін инвесторларға ұсыныс тасталған. Жергілікті билік мәселені шешудің оңтайлы жолын енді ғана тапқанын айтады.

Айгүл Аманқұлова, қалалық Тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Үйлерді кейін бұзып және сатып алу тәртібімен тұрғын үй комплексін салу бойынша жеке құрылыс компанияларын тарту жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта «СМ» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Олар тұрғындармен келіскеннен кейін Ақтөбенің жаңа ауданына көшірілетін болады.

Қазір Ақтөбе қаласында 8 апатты үй бар. Тағы 11-і адам өміріне өте қауіпті. Бұл ғимараттардың дені 50-60 жыл бұрын ағаштан салынған. Әкімдік өкілдері мұндағы тұрғындарды жаңа үйлерге көшіру жұмысы кезең-кезеңмен жүргізілетінін айтады.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу