Ақтөбе облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері 10 адамға аста төк тамақ дайындап берген мұғалімдердің үстінен түскен. Оқиға қай аудан, қай ауылда болған және кінәлілерге қандай жаза берілді? Жақсыбек Кемал анықтады.
Бұл оқиға облыс орталығынан жырақта жатқан Байғанин ауданында болды. Дастархан мүмкіндігі шектеулі балаларға кеңес беруге келген педагогикалық-дәрігерлік-психологиялық кеңесінің мамандарына жайылған. Оларды күтіп алушылар ауылда асхана, дәмхана жоқ екенін алға тартқан.
Жанболат Тұртаев, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің сараптама кеңесінің төрағасы:
Ақшаны өздері жинап берді, облыстық комиссия мүшелері, соның ақшасына бұлар дастархан жайып жатырмыз, - деді. Алайда, дастарханға қарап тұрып ойлайсың да, қанша ақша жинап берсе де, үлкен қылып, қаншама заттар, кәдімгі үлкен стол.
Комиссия барған Қарауылкелді ауылында бір дәмхана мен асхана бар екенін білдік. Алайда, аудан басшылығы ол нысандардың кей күндері босамай қалуы мүмкін екенін алға тартты.
Жандарбек Жаңабай, Байғанин ауданы әкімінің орынбасары:
Ауылда бір асхана, бір дәмхана бар. Мен туған күн жасайтын болсам, мысалы, анаған адам кіргізбе деп айтып қоям, сосын маған жасап тастайды. Сол себепті, жеткіліксіз болып қалатын күн болады.
Облыстық білім басқармасының басшылығы қызметкерлеріне іссапар шығындары толығымен төленгенін айтады. Алайда, олардың өздері тексеруге барған мекеме аумағынан шығуға мүмкіндіктері болмапты. Сондықтан екі күн бойы ас-суларын ауылдағы мамандар даярлаған. Дегенмен, облыстық педагогикалық-дәрігерлік-психологиялық кеңесі мен аудандық коррекциялық кабинетінің басшыларына сөгіс берілген.
Гүлназ Сүлейменова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Түстенетін уақыттары болмайды. Уақыттары болмағандықтан, кім босайды, қай маман, соған байланысты олар тамақтанып тұрады. Ал, осы мамандардың ұсынысы бойынша дайындаған Байғанин аудандық коррекциялық кабинетінің мамандары.
Жақсыбек Кемал, тілші:
«Мына тұрған облыс әкімдігінің қызметкерлері енді аудан, ауылдарға абайлап баратын болды. Себебі, мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері мұндай жұмыстардың тоқтамайтынын айтады.
Жақсыбек КЕМАЛ