Шығыс Қазақстаннан сақтардың ежелгі қонысы табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстаннан сақтардың ежелгі қонысы табылды

11.06.2019

Шығыс Қазақстан облысында сақтардың тұңғыш қонысы табылды. Ұлан ауданында басталған археологиялық қазба жұмыстарының алғашқы нәтижесінен-ақ сақ халықтарына деген көзқарасты түбегейлі өзгертуі мүмкін,- дейді ғалымдар. Өйткені осы уақытқа дейін дүниежүзінде  сақ тайпалары үнемі көшіп жүрген деген түсінік қалыптасқан. Ал шығысқазақстандық археологтар олжалаған соңғы артефактілер, олардың бір жерге тұрақтап, мал және егін шаруашылығымен қатар, кен өндірумен де айналысқанын растайды. Осы өңірдегі меншікті тілшіміз Берік Көшербайдың репортажы.

 

Ұлан ауданындағы Бестерек ауылының маңында «Ақбауыр» атты тарихи-археологиялық кешен бар. Сақтардың ежелгі қонысы осы жерден  табылды. Биыл басталған археологиялық жұмыстардың алғашқы нәтижесі ғалымдарды таң қалдырып отыр. Артефактілер қола дәуірінің соңы мен сақ дәуірінің алғашқы кезеңіне жатады. 

 

Елдос Қариев, археолог:

 

Бұл ерте сақ кезеңіндегі қоныс деп айтуға толық мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстандағы алғашқы осындай бірегей ескерткіш. Қазақстан бойынша бірнешеу ғана. Орталық Қазақстанда бар, және бізде шығып жатыр. Бұл енді өте үлкен жаңалық.

 

Археологтар биыл үлкен қоныстың бір бөлігін ғана қазған. Тас диірмен,  көне кетпеннің бөлшегі, үй және жабайы аңдардың сүйегі сияқты барлығы 2 мыңнан астам артефакті табылды. Олар ерте заманда сақтардың ары-бері көше бермей, кешенді шаруашылықпен айналысқанын айғақтайды.

 

Анар Зулхайрова, мұғалім:

 

Осы жерге балаларды алып келдік. Оларға тарихи жерлерді көрсеттік. Археологтардың қалай жұмыс істеп жатқандарын көрдік. Археологтардың жұмысы қиын, бірақ қызық.

 

Шығыс Қазақстанда соңғы бірнеше жылдан бері археологияны дамыту бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асып жатыр. Осы жоба аясында әлемге «Ақбауыр» ескерткіші деп әйгілі болған тарихи орында әлі де талай зерттеу жүмыстары жүргізілмек.

 

Берік Көшербай, тілші:

 

Ақбауырдың әр тасы тарихтан сыр шертеді. Қызыл күрең бояумен салынған мына суреттер - соның бір дәлелі. Бұл жерде жануарлар және адамдар бейнеленген, басқа да белгілер бар. Олар осыдан 6 мың жыл бұрын салынғаны анықталған. Бұл үңгірді ежелгі астрономиялық кешен деп те атайды. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жер аспан әлемін зерттейтін орындардың бірі болған.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу