Мамыр айының өзінде 5633 отбасына 734 миллион теңгеге жуық қаржы төленді. Болжам бойынша, көмек алатын отбасылардың саны жыл соңына дейін 9 мыңға жетпек.
Елбасының тапсырмасына сай, тек мұқтаж жанұяларға арналған атаулы көмекті алаяқтық жолмен алуға тырысатындар да жетіп артылады. Аягөз Оралбайқызы толықтырып айтады.
Айнұр Жұманбетова «Алтын алқа» иегері. 34 жасында 7 ұл, 3 қыз сүйген келіншек үйде бала тәрбиесімен айналысады. Жолдасы — қарапайым жұмысшы. Оның табысы — 100 мың теңге.
Отбасы осы уақытқа дейін мемлекеттен 130 мың теңге жәрдемақы алып келді. Ал, сәуір айынан бастап, атаулы әлеуметтік көмектің сомасы артып, қазір 250 мың теңге алады. Ай сайын 350 мың теңге табыс кіретін отбасының қазір жағдайы түзелді.
Айнұр Жұманбетова, көп балалы ана:
Киім алсақ, тамағымызды кішкене қысқартатын едік, тамақ алсақ балалардың киіміне жеткізе алмайтын едім. Кішкене таршылықпен күн көрдік. Қазір жағдайымыз өте жақсарды. Сол 10 балаға 250 мың теңге аламын. Құдайға шүкір балалардың тамағы да, киімі де бүтінделді. Мен сияқты көп балаларға жәрдемақыны көбейткені үшін аналардың атынан алғысым шексіз.
Маңғыстауда атаулы әлеуметтік көмек алатындардың дені Мұнайлы ауданында тұрады. Олар көп балалы отбасылар мен толық емес жанұялар. Некесіз бала туған аналар да бар. Әлеуметтік көмекті тағайындау үшін әр отбасының табысы жіті тексерілді. Алайда, мұқтаж адамдарға берілетін ақшаны алаяқтық жолмен алуға әрекеттенгендер де жоқ емес.
Қарашаш Нұрмамаедова, Маңғыстау облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
Кейбіреулер, мысалы, ата-анасының зейнетақысы есептелетін болғандықтан үйінен тіркеуден шығарып, тастап жатқан жағдайларды көріп отырмыз. Кейбір жағдайда әдейі ажырасып жатқан фактілер де кездесіп жатыр.
Алайда, тұрғындардың мұндай құйтырқы әрекеттеріне жол берілмейді. Мәліметтер базасында ақпарат анықталмайынша, өтініш қабылданбайды. Қазір облыста атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау шаралары қызу жүріп жатыр.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ