Енді шетелден көлік тасу тәртібі қиындатылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді шетелден көлік тасу тәртібі қиындатылмақ

13.06.2019

Соңғы кезде еліміз көшелерінде өзге елдерде тіркелген, шетелдің мемлекеттік нөмірлерімен жүрген көліктер күрт көбейді. Сондықтан, енді шетелден көлік тасу тәртібі қиындатылмақ. Бұған қатысты қазір арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Сол бойынша тіпті кей көліктерді қайтадан келген жағынан қайтару міндеттелуі мүмкін. Бұл қандай заң? Елімізде жүрген шетелдік көліктердің тағдыры қандай болмақ

 

Бұл - Мәдибек Шоқаевтың Армения Республикасынан әкелген үшінші көлігі. Темір тұлпарды талқаны шыққанша мінбей, жиі жаңартып отырғанды құп көреді. «Түрлі нарықты саралай келе, ескімен есім кеткенше, жайлы, жаңасын арзанға алғаным әлдеқайда тиімді екенін түсіндім», дейді ол.

 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Иә, бұл көлік иелерінің қазір басты уайымы тіркеуге тұрғызу. Егер бұл көлікті Қазақстанға тіркеуге қоятын болса, бірінші кезекте Қазақстанның нөмірін алу керек. Ол үшін утилизациялық жинақ, кедендік баж салығы сияқты бірнеше төлем төлейді. Яғни, оның құны осы көліктің құнымен бірдей болып кетуі әбден мүмкін.

 

Шетелдік нөмірмен жүрген көліктер міндетті мемлекеттік төлемдерден де жалтарып кетеді. Жол ережесін бұзып, фото, видео бақылауға түссе де айыппұлды жіберу үшін оның иесін анықтау қажет. Ал, көліктің нағыз иелері Армения, Ресей, Қырғызстан сияқты елдерде тұрады. Тіпті мұндай көлік тізгіндегендер жыл сайынғы салықты да төлемейді.

 

Айбек Үйсінбаев, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас сарапшысы:

Салық төлеу үшін ол ең біріншіден тіркеуге тұруға тиіс. Яғни, қазақстандық нөмір алуы керек. Ол қазақстандық нөмір алмайынша, салық төлемейді.

 

Бұл көліктерді жуық арада тіркеуге тұрғызылу міндеттеледі. Кемінде уақытша есепке алынуы мүмкін. Мамандар осылай деп отыр. Ал, отандастарымыз сырттан тасып жатқан көліктерінің дені 10 жылдан асып кеткен, ескі техника. ЕуроОдақ бекіткен техникалық регламенттеріне сай келмейді. Бірқатарының рөлі оң жағында орналасқан. Яғни, елімізде тіркеуге қойып, мемлекеттік нөмір алу мүмкін емес.

 

Ербол Сейпілов, Қазақстан автобизнес ассоциациясының техникалық реттеу директоры:

Қазіргі таңда заң жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол осы жылдың аяғына дейін қабылданады. Сондықтан, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін, техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келмейтін көліктер елімізден қайтадан сыртқа шығарылатын болады.

 

Ішкі істер министрлігі өкілінің айтуынша, тіркеуге тұрмаған көліктер үшін Қазақстанның жолдары жабылады. Бүгінгідей еркін жүріп-тұру мүлде мүмкін болмай қалады.

 

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:

Техникалық регламентке сәйкес келмейтін автокөліктерге, яғни, заңсыз енгізілген автокөліктерге утилизация жасамаса немесе қайтадан алып келген мемлекетіне апарып өткізбесе, рейдтік іс-шаралар өткізу барысында анықталған жағдайда олар әкімшілік қамауға алынады.

 

Енгізілуі мүмкін жаңашылдық Мәдибек сияқты шетелдік көлікпен жүргендердің көңілін күпті етті. Уақытша тіркеуге қоюдың нақты талаптары, құны және мерзімі әзірге белгісіз. Жаңа заң күшіне енгенше күтуден басқа амал жоқ. Дегенмен, үміттен күдік басым.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу