Батыс Қазақстанда көне қорым қоршаусыз жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда көне қорым қоршаусыз жатыр

14.06.2019

Батыс Қазақстандағы әйгілі Сегіз сай қорымына қамқорлық керек. Көнедегі құнды мұра табылған обалар қазылып-қопарылып, қоршаусыз жатыр. Араға жылдар салып жасалған қазба жұмыстары олжалы болды. Бірақ обалардың көпшілігі тоналған. Археологтармен бірге дала кезіп, қойнауына сыр бүккен Сегіз сайдың тарихына үңілген тілшіміз Ардақ Мұратқызының бейнематериалын көрсек.

 

Сегізсай қорымы ең алғаш 1966 жылы зертелген. Ғылыми атауы – Лебедёвка. Бұл жерде 8 ірі кешен мен 300-ден астам оба тіркелген. Солардың бірінде ауқатты әйел адамның сүйегі табылыпты. Оның үстінде алтын жапсырмалы киім-кешек пен алтын әшекейлі бұйымдар болған. Бірақ өкінішке қарай, 60-жылдары ауқатты әйелге реставрация жасалмапты. Егер қазіргідей қалпына келтірілгенде еліміздегі ондаған «алтын адамның» бірі болар еді.

 

«Алтын шыққан жерді белден қаз». Қазба жұмыстары араға бес-он жылдық үзілістен кейін қайта жанданды. Өткен жылы археолог Мұрат Қалменовтің жетекшілігімен студенттер бірнеше жәдігерді топырақ астынан қазып алды.

 

Мұрат Қалменов, археолог:

 

Былтырғы қазған обамыз міне, осы. Бұл обадан 3 жерлеу орны табылды. Осының ішін тазалау кезінде 12 жебенің ұшы табылды. Ақинақ – сақ-сармат дәуірінің қысқа қылышы. Және аң стиліндегі сүйектен жасалған қасық табылды.

 

Сегізсай қорымы - Шыңғырлау ауданы Есенамантау жазығында орналасқан. Оралдан 350 шақырымдай қашықтықта. Мұндағы 300-ден астам обаның тек тең жартысы зерттелген. Бірегей аймаққа қызыққан ресейлік ғалымдар да қазба жұмыстары жалғасуы тиіс дейді.

 

Арчил Балахванцев, Ресей ғылым академиясы Шығыстану институты орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы:

 

Лебедевка қорымы – оңтүстік Орал өңіріндегі ең бірегей, әлемге әйгілі қорым. Бұл жерде 2 мыңжылдық обалар бар. Арғысы - біздің дәуірімізге дейінгі 6-шы ғасыр, яғни сарматтар кезеңі. Бергісі – 14-ші ғасыр. Қазба жұмыстары арқылы осы 2 мың жыл аралығындағы адамдардың тұрмыс-тірлігі, мәдениеті, діні, рухани құндылығы қалай өзгергенін тануға болады.

 

 Алайда құнды мұра қоршаусыз, қорғаусыз жатыр. Киелі жерлер тізіміне енгенімен, республикалық  деңгейде маңыз берілмеген. Кеңес өкіметі кезінде табылған сүйектер мен жәдігерлер Мәскеуде, Алматыда жан-жаққа шашырап кеткен.

 

Жантас Сафуллин, Облыстық тарих және археология орталығының директоры:

 

Қазылған жердің бәрі қопарылып, сол күйі жатыр. Рекультивация, яғни қайтадан орнына келтірілмеген. Мұны жергілікті билік жасауы керек. Ең бірінші кезекте, топографиялық түсірілім жасау керек. Екіншіден, бізден бұрын кім қазды, не тапты, солардың есептерін түгел жинақтап, әкелген дүниелерді лабораториялық зерттеуге жіберу керек.

 

Қараусыз жатқан обаға қарақшылар да әбден өшігіп алған. Жәдігерлер көздің құрты. Сондықтан ғалымдар археологиялық орталық мамандары жергілікті билікпен бірлесіп, қорымды сақтап қалу үшін әрекет етпек.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу