Қостанай облысындағы Таран ауданнының атауы өзгеретін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы Таран ауданнының атауы өзгеретін болды

17.06.2019

1936 – шы құрылған әкімшілік аумақ енді көрнекті қазақ жазушысы, осы өңірдің тумасы - Бейімбет Майлиннің есімін иеленеді. Жергілікті тұрғындар бастамашы болған ұсыныс осы аптаның басында Қазақстан Үкіметінің отырысында мақұлданды. Ұлт зиялыларының кіндік қаны тамған киелі мекен жайында Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.

Марат Шоңғалов - ұзақ жыл мәдениет саласында еңбек еткен осы өңірдің байырғы тұрғындарының бірі. Би-ағаның есімін ауданға беру мәселесін көтерген бастамашыл топтың мүшесі. Ол бүгінгі өзгеріс ұзақ уақыт жоспарлы түрде жүргізілген жұмыстың нәтижесі екенін айтады.

Марат Шоңғолов, Әйет кентінің тұрғыны:

Әрбір округте болып, халықпен кездестік. Түсіндірдік. Олардың тілегін жоғарыға жеткіздік. Соның арқасында міне аудан атауы өзгереді. Енді сыртқа шыққанда біз Биағаның еліненбіз деп ауыз толтырып айта аламыз.

Таран ауданы Қостанай облысының батысында жатыр. Жер көлемі 7,6 мың шаршы шақырым. Халқының саны — 25 мыңға жуық. Тұрғындары негізінен егін салып, мал өсірумен айналысады. Қазба байлығынан да кенде емес. Аудан аумағында алтын, әктас, темір рудасы өндіріледі. Бұл өңір табиғи байлығымен ғана емес, ұлтына қызмет еткен ұлдарымен де мақтанады. Сондықтан Бейімбет есімі ешқашан елеусіз қалған емес.

Жанна Қалымова, Таран аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы:

Қоғам қайраткерінің атында мектеп бар, аудан мен мұражай бар. Майлин атындағы ауыл бар.

Аудандық өлкентану мұражайында Бейімбет Майлинге арналған жеке бөлме бар. Мұнда жазушы жайлы деректі құжаттар, фотосурттерден тұратын 200-ге тарта жәдігер қойылған. Басты мақсат — өткен таихты ұлықтап, ұлт рухын жаңғырту.

Айдана Ақпанбетова, мұғалім:

Бейімбет Майлин деген кім? Неге оған аудан аты берілді? Бұл балалардың қызығушылығын тудырады. Кейінгі ұрпақ оны білуі керек. Себебі өткен тарихты білу ұлттың рухын көтереді. Ал рухы биік елдің болашағы — жарқын.

Айта кету керек, қазақ театр және кино өнерінің майталманы Елубай Өмірзақов та осы өңірде туған. Бүгінде аудандық мәдениет үйі сахна саңылағының атында. Былтыр аудан орталығының атауы – Әйет болып өзгертілді. Себебі, елді мекен Тобылдың бір сағасы саналатын Әйет өзенінің жағасында тұр. Сонымен қатар, аудан бойынша 14 көшенің атауы ұлттық танымға сай жаңартылған.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу