Ұлағатты ұстаз Мәрзия Тұрлыханова дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлағатты ұстаз Мәрзия Тұрлыханова дүниеден озды

17.06.2019

  Бүгін алматылықтар белгілі ұстаз, білім беру ісінің үздігі Мәрзия Тұрлыханованы ақтық сапарға шығарып салды. 10 бала тәрбиелеп өсірген батыр ана, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мәрзия Айтбайқызы 80 жасқа қараған шағында өмірден озды. Алматыда өткен қаралы жиынға марқұмның әріптестері мен зиялы қауым өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

 

  Ұлағатты өмірі арқылы ұлтымыздың анасына айналған ұстазды ақтық сапарға шығарып салуға жиналған халықта есеп жоқ. Елбасы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хаттарын Арыстанбек Мұхамедиұлы оқып берді. Ал, жиында сөз алғандар Мәрзия Айтбайқызы саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан ізгі жан екендігін айтты.

 

Шәмшә Беркімбаева, Мемлекет және қоғам қайраткері:

  Дүниеден керемет жақсы адам өтті. Жанына келген адамның барлығына бұл кісінің жан-жылуы жетіп жататын. Сондықтанда болар, мінеки, қаншама адамның жиналған. Барлығы да қимастықпен қоштасып жатыр. Мәрзия Айтбайқызы қазақ мектебінің абыройын көтерді. Қазақ мектебінде мынау білім сапасы нашар деген сөз айтылып қалатын кейде. Олай емес екенін дәлелдеді.

 

  Мәрзия Тұрлыханова  1940 жылы 16-ақпанда Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таскескен ауылында туған. Бар ғұмырын бала оқытуға арнап, 50 жылдан астам ұстаздық еткен. Осы уақыт аралығында мыңдаған буынның санасына білім нәрін сеуіп, түйген-білгенін үйретіп кетті.

 

 Аягүл Миразова, Қазақстанның еңбек ері:

  Ол кісінің жаңа білім беру саласына байланысты өзі математик. Соның авторының бірі болу өз үлесін қосып және ол кісі мен енді үлкен жасқа келдім демей ғылыммен айналысып, ғылым кандидаты болу жәй ғана бола салу емес өзінің ойын, өзінің түйгенін, білгенін ортаға салып жастарды тәрбиелеуде өте үлкен еңбек сіңірген ұстаз. Міне, осындай абзал ұстазымыз, абзал ана, ардақты әже өмірден өтіп отыр. Алдынан жарылқасын.

 

  Мәрзия Айтбайқызы —  елімізде қазақ тілді білім ошақтарының көптеп ашылуына тұтқа болған іскер басшы. Ал, 1998 жылы Қазақстанда алғаш рет «Болашақ» атты дарынды балаларға арналған республикалық жеке мектеп ашып, әр аймақтан оқуға қабілетті талантты балаларды жинады. Оларға сапалы  білім беру үшін оқу үрдісін әлемдік стандартқа сай жүргізді.

 

  Біз көпшіліктің баласына дәріс береміз. Күні бойғы уақытыңды мектепте өткізуге де біз бармыз. Уақытпен санаспаймыз бұрынғы кезде. Оның барлығына шыдамдылық, төзімділік керек. Оған да ақыл керек.

 

  Ғұмырының жарытысынан астам уақытын мектепте өткізіп, қазақ баласының білімді әрі озық ойлы болуы үшін аянбай тер төккен мұғалімнің елеулі еңбек жолы өзгелерге өнеге. Ал, ғылыми зерттеулері келешек ұрпақ үшін асыл қазынаға айналмақ. Ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұстаз Алматыдағы "Кеңсай" зиратына жерленді.

 

Аманкелді СЕЙІТХАН

 

Хабарламаларға жазылу