Алматы облысында үш ауысымды мектеп мәселесі әлі де өзекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында үш ауысымды мектеп мәселесі әлі де өзекті

18.06.2019

Алматы облысында үш ауысымды мектеп мәселесі әлі де өзекті. Өңірде жаңа білім ошақтары бой көтеріп жатқанымен, Алматы қаласы маңындағы аудандарда жеткіліксіз. Оған халықтың мегаполисқа жақын жерге көшіп, елді мекендердегі демографиялық ахуалдың жақсаруы да себеп болып отыр. Бір ғана Іле ауданындағы 48 мектептің 13-і биылғы оқу жылын үш ауысыммен аяқтады.

 

Жетіген ауылдық округінде 25 мыңнан астам халық тұрады. Темір жол бойындағы елді мекенге жақындап, үй салып, көшіп жатқандардың қарасы қалың. Сондықтан ауылдағы үш мектеп тарлық ете бастады. Төрт немересін оқытып отырған Бибігүл апа үш ауысымды білімнің машақаты көп дейді.

Бибігүл Әбілахитова, ауыл тұрғыны:

Төртеуі төрт бөлек кетеді. Екіншіден, кешке кеш тарайды. Түрлі жағдайға байланысты. Үш ауысыммен оқығаннан кейін білім сапасы да төмендеу болып қалады.

 

Жетігендегі 220 оқушыға арналған бұл мектепте оқушы саны 1000-нан асады. Аудан басшылығы мәселені келесідей шешті. Іргесінен 300 орындық қосымша ғимарат салып жатыр. Мердігерлер нысанды 15-тамызға дейін тапсырамыз деп сендіріп отыр.

Сәкен Нұрмағанбетов, бригадир:

Ішкі асхананың материалдары, бүкіл заттар алынып, дайын тұр. Мына жерде бізде қашан кафель төсеп болады, әкеліп, барлығын орнатамыз. 20 процент ішкі жұмыстар, қалған-құтқан жұмыстар қалды. 1 қыркүйекте балалар осында кіріп оқиды.

 

Іле ауданында үш ауысымды әлі  25 мектеп бар. Ал 2020 жылы 6 мектеп салу жоспарланған. Бірақ мұнымен үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіле қоймайды.

Гүлнар Мақсұтова, Іле аудандық Білім бөлімі басшысының орынбасары:

Ендігі жылы ғана сол 25 мектептің 13 мектебінен тек қана 3 ауысымдық жойылады.

 

Алматы облысында биылғы оқу жылын 34 мектеп үш ауысыммен аяқтады. Мәселені шешуі мақсатында жаңа 7 мектеп салынып жатыр. Бесеуі бірінші қыркүйекте есігін ашпақ. 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу