Соңғы жылдары оның деңгейі біраз төмендеді. Оның үстіне су құрамындағы зиянды заттардың мөлшері нормадан бірнеше есе асып кеткен. Ал, мәселені шешуге жергілікті мамандардың өзі қауқарсыз. Ақтөбеден Жақсыбек Кемал баяндайды.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Елек өзенінің ластануы менің артымда тұрған хром өңдеу кәсіпорындарының жұмысымен тікелей байланысты. Нақтырақ айтсақ, осыдан алпыс жыл бұрын ашылған «Ақтөбе хром қосындылары зауытынан» шыққан химиялық қалдықтар жер асты суларына өтіп кеткен. Содан бері бұл жағдай экологтардың бас ауруына айналып келеді.
Кезінде бұл өзенмен ірі су көліктері жүрген. Арнасы суға, жағасы аң-құсқа толы болыпты. Алайда, қазіргі күйі адам аярлықтай. Суы тартылып, ағысы да төмендеген. Әсіресе, су құрамындағы зиянды заттардың көбейіп кетуі жығылғанға жұдырық болып отыр.
Жібек Әлжанова, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:
«Облыс бойынша шешілетін мәселе емес. Республикалық деңгейде. Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен 2010 жылдан бері «Жасыл даму» бағдарламасы аясында Елек өзенін тазарту бойынша әр түрлі жобалық сметалық құжаттар әзірленді. Жұмыстар 2012 жылы басталып, 2014 жылға дейін жүргізілді. Жүргізу барысында белгілі бір реагенттер жер асты суларымен өңделіп, хром 6 валентті консентрациясы бейтарап хром 3 валенттіге ауыстырылды».
Дегенмен, жағдайдың әлі де күрделі екенін мамандар жасырмайды. Сондықтан «Қазгидромет» мамандары ай сайын гидрогеологиялық бақылау жүргізіп отырады. Сынама алынып, су құрамындағы зиянды заттардың мөлшері тексеріледі. Өкініштісі, соңғы сынамалардың өзі өзенде зиянды заттардың көп екенін көрсеткен.
Дания Қанымқұлова, «Казгидромет» РМК облыстық филиалының зертхана басшысы:
«Сынама алып, зерттеу жүргізіп отырмыз. Егер хиянды заттардың мөлшері көп екені анықталса, экология департаменті, Төтенше жағдайлар қызметі және басқа да құзырлы орындарға мәлімет беріледі. Мәселен, осы айдың басындағы соңғы тексеріс кезінде алты валентті хром анықталды».
Елек – трансшекаралық өзендер қатарына кіреді. Яғни, Мұғалжар тауынан басталатын бұл өзен Ресей аумағына ағып өтеді. Экологтар: «Оны қорғау жайы мемлекетаралық сипат алуы тиіс», - дейді. Сондықтан, мәселеге қоршаған ортаны қорғау министрлігінің назар аударғанын қалайды.
Жақсыбек КЕМАЛ