Арыс қаласын қалпына келтіруге Үкімет резервінен қаржы бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыс қаласын қалпына келтіруге Үкімет резервінен қаржы бөлінеді

26.06.2019

Арыс қаласын  қалпына келтіруге Үкімет резервінен қаржы бөлінеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов, бүгін халыққа есеп беру барысында айтты. Қаржыға қираған үйлер, бұзылған әлеуметтік және басқа да инфроқұрылымдар жөнделмек. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, «Арыс, біз біргеміз!» акциясы аясында Қаржы министрлігі мен оның комитет қызметшілері бір күндік еңбекақысын аударған. Бұл ақша тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталады. Айта кетейік, Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берген болатын. 


Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары- Қаржы министрі:

 

Бірінші кезектегі шараларды қабылдау мақсатында Президент тиісті тапсырмаларды бергенін атап өтті. Барлық қажетті жұмыстар ұйымдастырылды. Тұрғын үйлерді, инженерлік желілерді, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен қаржы бөлінеді. Жақын арада келтірілген залалдың көлемі бағаланады, осы ретте қажетті есептеулер дайындалды. Барлық қалпына келтіру жұмыстарын жылдамдатылған тәртіпте жүргіземіз. Осы шаралар Үкімет бақылауында болады.

 

Сондай-ақ, осы халыққа есеп беру кезінде Әлихан Смайылов, 2025 жылға дейін салықтың ЖІӨ-дегі үлесі пайызға жететінін айтты. «Қазіргі күні салық түсімдерінің Жалпы ішкі өнімдегі үлесі 18,6 пайыз. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға артық. Ендігі меже – 2025 жылға дейін салықтың Жалпы ішкі өнімдегі үлесін 25 пайызға дейін жеткізу. Біз бұл көрсеткішке көлеңкелі экономиканы қысқарту арқылы қол жеткіземіз», - деді Әлихан Смайылов.

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу