Капиталға рақымшылық-әлемдік тәжірибе - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Капиталға рақымшылық-әлемдік тәжірибе

17.07.2014
Капиталға рақымшылық-әлемдік тәжірибе

Мемлекет қазынасына қосымша қаржы тарту мен «көлеңкелі» экономиканы ауыздықтау үшін биыл елімізде капиталға рақымшылық жарияланды. Бұл шараның аясында азаматтарымыз мал-мүлкін заңдастырып алуға мүмкіндік алуда.

Ал, мүлікті заңдастыру – әлемдік тәжірибеде жиі өткізілетін үрдіс. Мысалы, былтыр Түркия, шетелдегі отандастарының капиталына рақымшылық жасап, 35 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы мен мүлікті заңдастырып алды. 

Түркия отандастарының сыртқы айналымдағы капиталын елге тарту мақсатында өткен жылы мүлікке рақымшылық жасады. Бұл мемлекеттік маңызды науқанды елдің Қаржы министрі Мехмет Шимшек жүргізіп, халыққа мүлікті заңдастырудың тәртібімен таныстырды.

Арнайы қабылданған «Варлык барышы» заңына сәйкес, заңдастырылған мүліктің 2%-ы салыққа төленеді. Нәтижесінде 6 айға созылған науқанда 35 миллиард АҚШ долларын құрайтын қаржы мен мүлік заңдастырылып, мемлекеттік бюджетке 700 миллион доллар қаржы құйылды.

Мехмет Шимшек, Түркия Республикасының қаржы министрі:

Биыл салықтан түскен әр 100 лираның ең аз дегенде 23 пайызын білім саласына бөліп отырмыз. Елімізде 17 миллион оқушы және оған қосымша бірнеше миллион студент бар екенін ескерсек, тек білім саласының  жылдық бюджеті 80 миллиард лираны құрады. Өзге де әлеуметтік маңызды салаларды да есепке алыңыз. Сондықтан салық саясатын ұтымды жүргізу біз үшін аса маңызды.

Түрік-Азия стратегиялық зерттеу орталығы Қазақстанда жүргізіліп жатқан капиталға рақымшылық шарасын уақтылы қабылданған шешім деп бағалайды. «Әсіресе, кәсіпкерлер үшін алаңсыз еңбек етуге үкімет тарапынан жасалған ең үлкен жеңілдік. Асының адалдығын ойлаған адам, бұл жеңілдікті құр жібермейді», - дейді, орталықтың төрағасы Сүлейман Шенсой.  

Сүлейман Шенсой, Түрік-азия стратегиялық зерттеулер орталығының төрағасы:

Түркия азаматтарының 200 миллиард АҚШ долларына жуық қаражаты мен мүлкі шет мемлекеттерде сақталған. Қомақты қаржыны елге кері қайтару үшін біздің үкімет капиталға рақымшылық жасады.Нәтижесі жаман болған жоқ. 

Қазақстан да биыл капиталды заңдастыру шарасын қолға алып отыр. Елде саяси тұрақтылық пен экономикалық өсім болғандықтан көлеңкедегі мүлік пен қаражат еш қиындықсыз заңдастырылуы тиіс. Өйткені Үкіметтің ұсынған шарттары барлық жағынан қолайлы.

Бурак Ардан, экономиклық сарапшы:

Соңғы жылдары Қазақстан шеттен инвесторлар тартуға күш салуда. Ол үшін виза шарттарын жеңілдетіп, кәсіпкерлікпен айналысуға зор мүмкіндіктер ашты.

Ал, капиталға рақымшылық жасалуы өте дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын. Өйткені бұрын жарияланбаған елдің ішкі және сыртқы мүліктері заңдастырылса, экономикаға қосымша табыс әкелетін еді.

Экономиканың заңды айналымынан алынған қаржы мен мүлікті қайта заңдастыру үшін Үкімет ағымдағы жылдың қыркүйек айнынан бастап капиталға рақымшылық жарияламақ. Шараның аясында 12 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі дүние-мүлік заңдастырылып, айналымға енеді деп жоспарлануда.  

Ержан Жүніс, тілші:

Түркияда мал-мүлікті заңдастыру үшін 2008 жылы «Варлык барышы» бағдарламасы қабылданып, ол 3 кезеңге созылды. Қаржы министрі бұл шараның жемісті жүргізілгенін айтады. Өйткені алғашқы жылы-ақ 25 миллиард АҚШ доллары ресми заңдастырылып, салығы төленді. Ал, сарапшылар: «мүлікті заңдастыру - көлеңкелі бизнестің алдын алумен қатар, ел экономикасына қомақты қаржы құйылады»-дейді.

Ержан ЖҮНІС

Хабарламаларға жазылу