Арыстағы апатқа қатысты жалған ақпараттарға сеніп, наразылық білдіргендерге сабыр сақтау қажеттігі айтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы апатқа қатысты жалған ақпараттарға сеніп, наразылық білдіргендерге сабыр сақтау қажеттігі айтылды

27.06.2019

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бір ай бойы арыстықтармен бірге тұрады. Ол Шымкент қаласында Арыс қаласының тұрғындарымен кездесуде осылай деді. Ол көпшілікті сабырға шақырды. Бүгін Шымкент қаласында апат болған қаланың тұрғындары наразылық шарасына шықты.

Олар Арыс шахарынан емес, Шымкент немесе Түркістан қаласынан тұрғын-үй  беруді сұрайды. Ал облыс әкімі жарылыс болған аумақта денсаулыққа еш қауіп жоқ деп отыр.

 

Ресми мәлімет бойынша Шымкент қаласына Арыстан 26 мыңнан аса адам келген. Олардың біразы «Ақмешіт» мешітін паналап отыр. Бүгін таңғы сағат 11 шамасында сол маңдағы жүздеген арыстық наразылық білдіріп, Темірлан көшесін жапты. Олар жарылыстан соң елді мекеннің  тұруға жарамсыз болып қалды дейді. Сондықтан Арыста тұруға қорқатындарын айтып, басқа жерден баспана беруді талап етіп отыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев  Арыс қаласында ешқандай радиация қаупі жоқ екенін түсіндіріп, жалған ақпаратқа ермеуін сұрады.

 

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының Әкімі:

 

Тұрғындардың уәжін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахымов та тыңдап, сағаттап олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Билік тез арада әрекет етіп, тұрғын үйлерді қалпына келтіретіндігін айтты. Алайда наразылық білдіргендердің біразы мегаполиске көшкісі келеді. Шымкент басшысы қалада қазірдің өзінде 130 мыңнан аса адам кезекте тұрғанын айтты.

 

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі:

 

Менің қолымнан келген нәрсе, Шымкент қаласының қолынан келген нәрсе. Тамақ беру, киім беру, жатақхана беру. Үкімет қазір барлық күшті жұмылдырып жатыр. Ешкім көмексіз қалмайды. Барлығыңыздың үйлеріңіз жөнделеді. Арыс қаласындағы қауіптің алды сейілді.

 

Наразы топтың арасында Қазақстанда тиым салынған ұйымның мүшелері де белсенділік танытқтан. Олар халықты арандатуға тырысқан. Провакацияға ергендер ғимараттың терезесін сындырмақ болды. Қулығын асырып, жел сөз таратушылар апаттан зардап шеккендердің  қазіргі күйін пайдаланып, психологиясына әсер етіп қалуды көздейді.

Дәл осындай арандатушылардың әрекетіне еріп кетпеу керек. Тұрғындармен  кездескен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осылай деді. Жалпы мұндай стихиялық наразылық кезінде елді бүлікке бастап, өлшеусіз шығын келтіруге тырысатындар топтар немесе адамдар болады. Халық  өз талаптарын жеткізгені дұрыс бірақ басбұзарлыққа бармағаны жөн. Қазір мемлекеттік органдардың барлығы осы мәселемен айналысып жатыр. Арыс қаласын ретке келтірудің нақты жоспары бекітілді.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу