Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы №167 мектепке бала сыймайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы №167 мектепке бала сыймайды

28.06.2019

190 орынға лайықталған ғимаратта 474 оқушы білім алады. Арнайы жабдықталған класс бөлмелері жоқ. Спорт залдың төбесі опырылып ортаға түскелі тұр. Ауылға жаңа мектеп керек. Толығырақ өңірдегі тілшіміз Ақерке Берікбекқызы айтсын.

Алғашқыда орталау мектеп болды, кейін 11 жылдыққа өзгерді. Сәйкесінше бала саны артты. Бірақ, 1986 жылы салынған ғимарат сол күйі тұр. Ата-аналар шыж-быж болады. Ауылға жаңа мектеп керек деп дабыл қағады.

Бұл кісілер аты-жөнін айтуға келіспеді. «Бірақ, шындық осы» дейді. Алайда, мектеп басшылығы неге екені белгісіз, проблеманы жасырады.

Мынау бөлмеде оқушылар ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатыр. Еден ескі, есіктер сықырлап тұр, тақта-партаның алқам-салқамы шыққан. 33 жыл бұрын салынған ғимаратты мұғалімдер өздері жылда әктеп, сырлап, шамасы жеткенше жөндейді.

Ұлан Биімбеов, аудандық білім бөлімінің маманы:

300 орындық мектептің жобалық сметалық құжаттары дайындалған. Қаржысы 870 миллион теңгедей. Мемлекеттік сараптама қорытындысын алған. Қаржыландыруға білім басқармасына ұсынылды.

Ресми органның уәжі осы. Нақты жауап жоқ. Жоғары жаққа ұсынылғанына бірнеше жыл болған. Яғни, Жаңарық ауылына жаңа мектептің қашан салынатыны белгісіз. Осы сұраққа жауапты елді мекендегі 3 мыңға жуық тұрғын да күтіп жүр.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу