Ресейде жұмыс істейтін еуропалық бизнесмендер еліміздің инвестициялық әлеуетімен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде жұмыс істейтін еуропалық бизнесмендер еліміздің инвестициялық әлеуетімен танысты

28.06.2019

«Қазақстан: жаңа мүмкіндіктер». Осындай атаумен Мәскеу қаласында өткен жиында, Ресейде жұмыс істейтін еуропалық бизнесмендер еліміздің инвестициялық әлеуетімен танысты. Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі мен Сауда Өкілдігі және Еуропалық бизнес қауымдастық бірлесіп өткізген шараға, Батыс елдерінің 50-ден астам ірі кәсіпкері қатысты. Отырыста еуропалық инвесторлар, Қазақстандағы бизнес климатпен танысып, елімізге қаржы құйғысы келетін шетелдік компанияларға қандай қолдау болатынын естіп-білді. Бұдан бөлек, шетелдік іскер топ өкілдері, «Kazakh Invest» компаниясы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының және «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының жұмысы жайлы жан-жақты ақпарат алды.

Нұржан Қалжыақбаров, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесшісі-уәкілі:

Бұл алғашқы қадам. Оның негізгі мақсаты – бизнеспен танысу, олардың мүмкіндіктерін байқау, біздің не ұсынатынымызды оларға көрсету. Содан кейін нақты жобалар туындайды деп сенеміз. Әріптестігімізді жалғастырып, бір зауыт салуға, кәсіпорын ашуға ұмтылып, сол жұмысты жалғастырып отырамыз.

Франк Шауфф Еуропалық бизнес қауымдастығының бас директоры:

Бізге Қазақстанның энергетика саласы тартымды. Сонымен қатар, еуразиялық экономикалық одақ аясындағы еркін сауданы ескеретін болсақ, Қазақ елінің тұтыну нарығында да, автомобиль нарығында да жұмыс істегіміз келеді. Сондықтан келешекте әріптестігіміз белсенді бола түседі деп ойлаймын. Себебі Қазақстан, халқының саны, экономикасының көлемі жағынан Еуразиялық одақтағы ең ірі екінші мемлекет саналады.

Хабарламаларға жазылу