Қымызға сұраныс артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қымызға сұраныс артып келеді

19.07.2014
Қымызға сұраныс артып келеді

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында жылқы шаруашылығы қолға алынып, ұлттық сусын өндіріле бастады. «Жұмыспен қамту» және «Жол картасы» бағдарламалары аясында шағын несие алған шаруалар кәсібімен танысқан тілшіміз Жазира Әбіл жалғастырады.

25 жасар Олжас Сүлейменов көзін ашқалы Қамбар ата төлін бағып келеді. Ата жолын қуып, өз кәсібін өркендетуді көздеген жігіт мемлекеттік бағдарламаның көмегімен ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 3 млн теңге несие алған.  Жайылымда құрық түспеген 10 құлынды биені қолға үйретіп, сауа бастады. Күніне 5 рет сауып, саумалдан 30-40 литр қымыз өндіріп, ауыл ішін ұлттық сусынмен қамтамасыз етіп отыр.

Олжас Сүлейменов, шаруа иесі: 

Болашақта 50-60 литр алып, өнімімізді шығарсақ деп жоспарлап отырмыз. Келесі жылы жылқы басын көбейтіп, экспортқа шығару жоспарда бар.

Жігерлі жігіттерде жоспар көп. Киіз үйлер тігіп, қымызхана ашуды көздейді. Мың да бір дертке дауа сусынды арнайы ыдыстарға құйдырып, сауда орталықтарына шығару да ойларында жоқ емес. Сөйтіп, алған несиесін мемлекетке 4 жылда қайтарып бермекші. 2010 жылдан бері өңірдегі шаруаларды шағын несиемен қамтып отырған қор 70 адамның кәсібін ашуына мұрындық болған. Соңғы 3 айда кәсіпкерлерге 200 млн теңге қаражат берілген.

Мұрат Баймағамбетов, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Маңғыстау облысы бойынша директоры:

200 миллион теңгені мамыр, маусым, шілде айларында толық иегеріп, 70 адамды қаржыландырдық. Оның ішінде мал шаруашылығына аса көп берілді. Мал шаруашылығына қаражаттың шамамен 80 пайызы жұмсалды.

Несиесін мерзімінен бұрын өтеген кәсіпкерлердің тағы  5 млн теңге алуға мүмкіндігі бар.            

Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу