Димаш Құдайберген жаһан тағатсыз тосқан «Арнау» атты концертін берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаш Құдайберген жаһан тағатсыз тосқан «Арнау» атты концертін берді

02.07.2019

Қайталанбас сирек үнімен миллиондаған тыңдарманды тәнті еткен өнерпаздың ән кешіне 35 мың адам жиналды. 10 мыңға жуық адам әлемнің 64 елінен арнайы келген. 3 сағат бойы Димаш жанды дауыспен 27 ән орындап, бірнеше жаңа әннің тұсауын кесті. Ғаламат кештің қалай өткенін Фариза Мұсақызы айтып берсін.

Сағат кешкі онда басталған концертке көрермендер 3 сағат бұрын жиналды. «Астана Аренаның» 6 бірдей кіреберісінде халық ұзын-сонар кезекке тұрды. Шараға 350 ерікті жұмылдырылған. Жалпы, стадионның өзі 30 мың адамға арналған. Мұнда негізгі залдан бөлек, 10 мың адамды қамтитын жанкүйерлер алаңы да бар. Ғимаратта ине шаншар орын болмады.

Ғажап үні, қарапайымдылығы, бойы мен ойы үнемі озық көрінетін Димаштың әр сөзі де, шешімі де салмақты. Шетте жүргенімен, туған еліне елеңдеп отырады.

Димаш Құдайберген, әнші:

Жақында Арыста болған оқиға маған да қатты батты. Тіпті концерт беру осы кезде ыңғайсыздау секілді көрінді, солай айтқандар да болды. Алайда шетелден шақырып қойылған қонақтар бар, арнайы келушілер бар! Соларды ескеру керек болды. Сондықтан Арысқа көмек ретінде осы концерттен түскен қаражаттың бір бөлігін аударамын деп шештім.

Халқымыздың аты мен ғажайып өнерін әлемге танытқан қазақ баласының өнеріне тәнті болғандардың қатары күн санап артып келеді. Димаштың концерті алдындағы Қытайға сапарымыз кезінде оның жанкүйерлермен біз де тілдескен едік.

«Қытайда Димашты танымайтын адам жоқ деп ойлаймын. Ең бірінші, оның дауысы, билеу қабілеті, өзін-өзі ұстауы мен қарапайымыдылығы ұнайды».

72 жастағы Галина Озерная да қазақ баласының әндерін сүйіп тыңдайды. Димаш қатысқан бүкіл бағдарламаны көріп жүреді. Бір мүмкіндік болса, өнерпазбен кездесуді армандайтынын жасырмады.

Людмила Озерна, Димаштың жанкүйері:

Димаштың қазақ тіліндегі әндерін де жаттап алдым. Өте ашық, тәрбиелі, қарапайым жігіт.

Фанаттардың әрқайсының оқиғасы әр түрлі. Бірі Димаштың әнін тыңдап, ауыр күйзелістен шықтым десе, екіншісі оның тәрбиесіне, өзін-өзі ұстауы мен мәдениеттілігіне тәнті. Анығы -олардың бәрін қазақтың баласына деген махаббаты мен сүйіспеншілігі біріктіреді.

Былтыр Димашқа Қазақстан туризмінің елшісі сертификаты табысталған-ды. Расымен де, бір концерті арқылы-ақ, елге мыңдаған турист тартқан әншінің мұндай құрметке лайық екеніне кеше көзіміз анық жетті. Ал концерттің теленұсқасын Ұлттық арна эфирінен 6-шілде, 21:00-де көре аласыздар.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу