Заты бар, аты жоқ көліктер есепке алынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заты бар, аты жоқ көліктер есепке алынуы мүмкін

04.07.2019

Заты бар, аты жоқ көліктер есепке алынуы мүмкін. Қазір бұл мәселе Ішкі істер министрлігінде мұқият зерделеніп жатыр. Себебі, шетелдік нөмір таққан көліктердің жол жүру ережесін өрексел бұзуы жиілеген. Мәселен, былтырғы жылы сырттан жеткізілген көліктердің 42 мыңы заңды белден басса, биылғы 5 айдағы көрсеткіш 41 мыңға жетіп отыр. Ең сорақысы, оның тек 4 мыңға жуығы табылған. Қалғандарына айыппұл жетпеген. Себебі, бұл көліктерді кім иелік ететіні беймәлім. Осы ретте министрлік сырттан әкелінген көліктердің маркасын, сипаттамасын және оны Қазақстан аумағында кім тізгіндейтіні туралы мәліметтерді жинақтамақ. Сөйтіп, бұл автомобильдерге бақылау жүргізіп, жолдағы тәртіпті реттемек. Бірақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы көліктің алыс-берісіне тыйым салмақ емес.

 

Марат Тұяқбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысы:

 

Жалпы, автоматты бейнетіркеу арқылы Қазақстанда есепте тұрған автокөліктерге қатысты миллионға жуық ереже бұзушылық анықталады. Қазір біздегі көліктердің саны 4,3 миллион шамасында.  Жол жүру ережесін бұзды ма, көлік иесіне айыппұл қағаздары жіберіледі. Ал шетелдік нөмірі бар көліктермен жағдай қиындау. Олар еш жерде есепке алынбағандықтан, айыппұлдарды қайда жіберерімізді білмейміз. Өкінішке қарай, сырттан әкелінген көліктердің қатысуымен заң бұзушылықтар уақыт өткен сайын көбейіп барады.

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

 

Хабарламаларға жазылу