Қарағанды облысынан табылған «Сарыарқа пирамидасы» талай археологиялық жаңалықтың ашылуына себеп болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысынан табылған «Сарыарқа пирамидасы» талай археологиялық жаңалықтың ашылуына себеп болды

05.07.2019

Биыл оның айналасын зерттеуді жалғастырған экспедиция мүшелері Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын қала орынын, қос ат пен қыш ыдыстар қоса жерленген көне қорымды анықтады. Қазір бұл өлкеде бірнеше жерде археологиялық қазба жұмыстары жүруде. Облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен басталған экспедиция жұмысының түпкі мақсаты келешекте «Талды археологиялық паркін құру.

Бұл біздің заманымызға дейінгі 2 мыңыншы жылдықтың 2-ші жартысына жататын Ақкезең қаласы. Мұнда Қарағанды мемлекеттік университетінің тарихшы ғалымдары мен студенттері қазба жұмыстарын жүргізуде.

Ақжол Қайыржан, Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенті:

Қола бұйымдар таптық, кирамика ыдыс-аяқ, көп сүйектер таптық. Қола заттардың ішінен біз біз таптық, пышақ таптық, ине таптық. Каникул кезінде біз осында келеміз. Бізге осы жұмыс үшін жалақы төлейді.

Жалпы аумағы 10 гектардан асатын қоныс Қазақстандағы өркениетті шаһарлардың сонау Беғазы-Дәндібай заманында болғанының жарқын дәлелі. Зерттеу барысында мұнда үлкен қалаларда ғана кездесетін ғибадатханаға ұқсас нысан да табылған. Қабырғалары гранитпен өңделген, оңтүстік-батыс бұрышында 1 метрлік стелласы бар құрылыс ғалымдарды ерекше қызықтырып отыр.

Виктор Варфоломеев, Беғазы-Дәндібай мәдениетін зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты:

Құрылыстың аумағы 14 шаршы метрді алып жатыр. Тереңдетіліп қазылған. Қабырғалары Ішкі жағынан гранит таспен тігінен қапталған. Сол кездің көп қолданылатын құрылыс материалы екенін аңғартады. Біздің топшылауымызша бұл қоғамдық орын болған. Яғни ғибадатхана немесе наным-сенім рәсімдерін өткізетін қасиетті жер деген болжам жасап отырмыз.Мұның өзі Ақкезеңнің жай қала еместігін аңғартады.

Ал осы Талды өзені бойында орналасқан Сеңкібай-2 қорымынан археологтар қарама-қарсы жерленген қос жылқының сүйегін, қыш ыдыстар, қола моншақтар мен әшекей заттарды тапты. Қорым құрылысы жағынан андрондық кезеңге жатады.

Түлкібай Төлеуов, облыстық Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы:

Мына Сеңкібай-2 қорымынан қыш құмыра заттар, екі ат салып жерленген бейіттер ашылып жатыр. Толық әлі жұмыстар біткен жоқ. Біткеннен кейін оның қорытындылары туралы тағы айтамыз. Ғылыми нәтижелері жақсы болады деп ойлаймыз. Келесі жылдарда да осындай жұмыстар жалғасады. Оның жалпы негізгі мақсаты осы барлық жұмыстардың «Талды археологиялық паркін» ашу.

Бұған қоса Қаражартас-2 қорымының тас үйіндісін облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мамандары бастаған экспедиция мүшелері аршып жатыр. 2016 жылы осыған ұқсас Қаражартас-1 қорымының астынан сатылы пирамида құрылысы мәлім болған еді. Тарихи ескерткіш бүгінде қалыпқа келтіріліп, туристердің көп келетін орынына айналған.

 

Хабарламаларға жазылу