Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

05.07.2019

Жыл сайын Елорда күні қарсаңында үзілмейтін бір үрдіс бар. Атамекен мемориалдық кешені алаңындағы ту салтанатты түрде көтеріліп, әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен табысталады. Және бұл шараның бір ерекшелігі міндетті түрде Мемлекет басшысының қатысуымен өтеді. Бүгінгі күнге сәйкес келген осы айтулы шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, барша қазақстандықтарды Елорда тойымен құттықтады.

 

Тудың тұғырға қонуы бұл қала күнін тойлаудың салтанатты түрде басталғанын білдіреді. Президент еліміздегі ең үлкен Мемлекеттік тудың көтерілу салтанатына қатысып, қала тойының басталғанын ресми түрде жария етті. Қазақ үшін көгінде желбіреген көк байрақтан қасиетті нышан жоқ. Президент өз сөзінде  ту – ел бірлігінің символы екеніне тоқталды.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреген көк туымыз бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. "Туған жерге туыңды тік" деген даналықтың мән-маңызы да осында. Себебі, біз қасиетті топырағын қадір тұтатын, туын әрқашан биік ұстайтын елміз. Елорда күні қарсаңында салтанатты ту көтеру рәсімі өздеріңіз сияқты ел қорғаны болатын азаматтардың алдында өтуде. Бұл аға ұрпақтың сіздерге артатын зор сенімін көрсетеді.

 

Салтанатты ту көтеру рәсімі аясында Президент еліміздің әскери оқу орындарының 27 курсантына офицер шенін өз қолымен тапсырды. Жас сарбаздарға отанды қорғау ардың ісі екенін қадап айтты. Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ауған жерінде болған қақтығыстарда 100 мыңдаған отандасымыз ерен ерлік көрсеткені белгілі. Президент олардың даңқты жолын жалғастыру бүгінгі жас сарбаздарға жүктелген қастерлі парыз екенін жеткізді.

 

Олжас Көшербаев, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлегі:

 

Отбасымызда бәрі әскери адамдар. Бір жыл бұрын дәл осы жерде туған ағам Елбасы қолынан әскери погонын алған. Мен де бір жылдан кейін Президенттің қолынан офицер погонымды алып отырмын. Бес жыл бойы әскери  өмірдің әскери білімнің шыңына шығып офицер атағына ие болып отырмыз.

 

Бірнеше күннен бері түнеріп тұрған астананың аспаны да бүгін шайдай ашылды. Бұл да мерекелік шараның реңін аша түскендей. Ал Президенттің алаңға жиылған жұртпен емен-жарқын амандық сұрасып, бірге суретке түсуі мерекелік көңіл-күйді одан сайын еселей түсті.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу