Парламент депутаттары каникулға кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парламент депутаттары каникулға кетті

05.07.2019

Парламент депутаттары каникулға кетті. Бүгін қос палатаның бірлескен отырысы өтіп, онда алтыншы шақырылымның төртінші сессиясы қорытындыланды. Осы аралықта маңызды заң жобалары қабылданып, өзекті 319 депутаттық сауал жолданды.

Төртінші сессия маңызды оқиғаларға толы болды. Парламенттің алдында зор, әрі  абыройлы жауапкершілік бар. Ол — сапалы, халыққа қажетті заң жобаларын қабылдау. Сессия барысында қос палатаның 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің  41 және Сенаттың 26 жалпы отырысы өтті. Онда 319 маңызды мәселе қаралды. Жалпы, төртінші сессия басталған кезден 83 заң жобасы қабылданды. Оның ішінде 82 құжатқа Мемлекет басшысы қол қойып, олар өз күшіне енді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Осы қабылданған әрбір заң, ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық және әлеуметтік бастамаларын орындауға бағытталды.  Әрбір заң, сонымен бірге, еліміздің дамуына, халқымыздың өмір сапасын күшейтуге жаңа серпін берді. Ал, ең бастысы, қабылданған барлық құжаттар азаматтарды қолдауға және қорғауға арналды.  Осының барлығы екі палата депутаттарының бірлескен жұмыстарының нәтижесі деп санаймыз.  Осы орайда, Сенат та, Мәжіліс те, заң шығару жұмысына белсенді араласып, алға қойған басым бағыттар нәтижелі жүзеге асырылды.

Парламент пен Үкімет өзара тиімді жұмыс істеді. Алайда кемшін тұстар да жоқ емес. Үкімет заңдардың сапасына баса көңіл бөлуі тиіс.  

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Үкімет органдары дайындаған заң жобаларына кейде депутаттарымыз 300-500-1000 ұсыныс дайындаймыз.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Алдағы сессияда Үкіметтің жұмысына  талап қойып, қабылданған шешімдердің орындалуын қадағалау тұрғысынан Парламенттің жұмысы әлдеқайда нәтижелі болуы тиіс.

Каникул аяқталған соң Парламент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 10 бағытты басшылыққа алып жұмысты жалғастырады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодексті қабылдау бірінші кезектегі маңызды жұмыстардың бірі. Бұған қоса, «Педагог мәртебесі туралы» және мәдениет мәселелеріне арналған заңдары бар. Қоржында 34 заң жобасы жатыр.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Кезекті сессияда еліміздің стратегиялық даму жолдарын  заңнамалық түрде қамтамасыз етуге бағытталған заңдар Парламент қоржынында. Сонымен бірге, әрине, 2020-22 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қабылдануы.

Алдағы сессияда Парламентте тарихи маңызы зор ірі халықаралық шара өтеді. Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің төртінші форумын өткізу мәртебесі бізде. Бұл еліміздің атақ-абыройын асқақтататыны белгілі.  «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деп аталатын маңызды жиынға 60-тан астам елдің парламент басшысы қатысады, сонымен бірге, 16 халықаралық және парламенттік ұйым төрағалары келеді деп күтілуде.

Ерболат Мұқаев, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

Каникулда ауылға барамыз, ауылдардың бәрін аралап шығамыз.

Енді олар Қазақстанның барлық өңірін аралайды, сіздерде мазалаған мәселе болса, кездесіп, түйткілдеріңізді шешуге мүкіндік бар.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу