Арыстан Бас қалаға қыдырып келген балаларға бүгін «Асыл бала» қоғамдық қоры сый жасады. «Жас ұлан» ұйымымен бірлесіп, қор атынан 186 жеткіншекке киім-кешек табысталып, әрқайсысына жеке-жеке құрмет көрсетілді. Арыстағы жарылыстан соң, Елордаға тынығып, қыдырып қайту үшін жіберілген балаларға күнделікті түрлі шаралар ұйымдастырылып жүр. Олардың бас қалада жүргеніне бесінші күн. Нұр-Сұлтанның көрікті жерлерін, музейлерін аралап көрген балалар бүгінгі қошеметке де риза болды.
Бейбарыс Сапарәлі, Арыс қаласының тұрғыны:
Күшті әсер алдық. Арыс қаласынан бізді осы жаққа лагерьге, қыдыруға алып келді. Алып келгендері үшін рақмет айтамыз!
Динара Сәдуақасова, Республикалық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы:
Біздің балалар ұсыныс тастады, мүмкін, біз оларға ойын ойнатайық, олармен дос болайық, танысайық деп. Кеше балалар үйіне барып келдік. Ол жерде Арыстан келген 102 бала орналасқан екен. Солармен гитарамен ән айтып, би кешін ұйымдастырдық. Ал балаларға жаңа киім әперу үшін осындай идея келді. «Асыл бала» қоғамдық қорға ұсыныс тастадық. Олар қолдады.
Альбина ӘШІМ