Елордада көпбалалы аналар көрпе көрмесін өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада көпбалалы аналар көрпе көрмесін өткізді

05.07.2019

Елордада көпбалалы аналар көрпе көрмесін өткізді. Оған негізінен үй жағдайында отырып, тұрмыстық заттар жасайтын ісмер әйелдер қатысты.  Кәсіп қылып бала-шағасын асырап отырған қыз-келіншектердің ұмтылысын  Еңбек және халықты қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жоғары бағалады. Аналардың дүниелерін тамашалап, ой-пікірлерін тыңдады.

Қазақтың тұрмыс- салты жаңғыруда. Бұл салаға бизнестің бетбұрысы қатты байқалады. Бүгінгі көрме соның бір айғағы. Барлық аймақтан кәсіпкер аналар шақырылған. Ине-жіпті игерген ісмер, әрі іскер әйелдер оқалы оюлы дүниенің алуан түрін ұсынуда. Бақытгүл Биғалиева әуелі шеберлік сабағынан өткен. Содан соң инесін сабақтап іске кіріскен. Жастық, көрпе, бөстек, құрақ құрауды еркін меңгереді.

 

Бақытгүл Биғалиева, кәсіпкер ана:

 

Менің ойымша, жұмыс бар істей білген адамға. Дүниеге баланы өзіміз үшін әкелеміз, өзіміз үшін еңбекке баулимыз. Үкіметке қарап отыруға болмайды ғой. Өз басым сөйтіп ойлаймын.

 

Әлеуметтік саясаттың діттегені жәрдемақымен жарылқау емес. Басты мақсаты халықты жаппай еңбекке араластыру. Осы ретте, кәсіпке ынталы қыз-келіншектерге мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндірілді. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы арқылы 505 мың теңге көлемінде грант алуға болады. 6 пайызбен 6 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несиеге қол жеткізуге мүмкіндік. Қысқасы, қол қусырып қарап отыруға болмайтыны айтылды.    

 

Тәжігүл Әбибуллаева, зейнеткер:

 

Өзінің үйіндегі көрпесінің бәрін түйенің, қойдың жүнінен салып алсыншы. Балаларының бәріне соны кигізіп қойсын. Терілерді тастап жатыр. Соны сүріп-сұрап ұлтарақ қылып берші. Сондықтан бәрі жұмыс істеу керек.

 

Бизнесте белсенділігімен көзге түскен аналардың бір сыпырасы арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, тігін құралы тапшы 50-ден астам анаға осы жерде заманауи бесаспап машиналар табысталды.  

 

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

 

Мұндағы ең үлкен мақсат —  көпбалалы аз қамтылған отбасыларға көмектесу, үйінен шыға алмайтын қыздарға көмектесу, бала-шағасының қасында отырып көрпе, жастық тағы басқа дүниелерді тігіп, біріншіден, аз да болса, кәсібін ашу екіншіден, өзінің отбасына табыс табу. Біз бұны әрі қарай жалғастырамыз.

 

Көпбалалы отбасылардың әлеуметтік ахуалына еліміздегі ірі кәсіпорындар да айрықша назар аударуда.  Осы мақсатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен меморандумдарға қол қойылып, атқарылатын іс-шаралар кешені бекітілуде. Онда негізінен жалақыны өсіру,  тұрмыс жағдайын түзеуге атсалысу және баспанамен қамту сынды бағыттар айқындалған.

 

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу