Қазақстанда суармалы егіншілікке қажетті заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтар шығарылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда суармалы егіншілікке қажетті заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтар шығарылмақ

10.07.2019

Алдағы уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті артады. Себебі, қазақ жерінде суармалы жерлерді тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтар шығарылмақ.

Заманауи қондырғыларды өндіретін алып зауытты әлемге әйгілі Американың Valmont Industries компаниясы салады. Бүгін Қазақстан Үкіметі мен шетелдік кәсіпкерлер инвестициялық ынтымақты жүзеге асыру туралы құжатқа қол қойды. Оған Премьер-Министр Асқар Мамин қатысты.

Ия, бұл тараптардың бірге жұмыс істеуге келісіп, қол алысқан сәті. Жаһандық нарықта өз орны бар Американың алып компаниясы Қазақстанда жерді тамшылап суарудың соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салмақ.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Бұл зауыттың шығару мүмкіншілігі 1000 машинаға дейін болады. Зауыттың жұмысы биыл басталады. 2 жылдың ішінде басталады. Осы зауыттан шыққан өнімнің 65 пайызы өзіміздің қазақстандық өнім болады.

Қазір Қазақстанда 1 млн 400 мың гектар суармалы жер бар. 2027 жылға дейін оның көлемі 3 млн гектарға жетпек. Ал, суармалы жер кепілді түрде мол өнім береді. Сөйтіп, алдағы 10 жылда еліміз Қытай, Үндістан сияқты алып нарықтарды азық-түлікпен қамтамасыз етеді деген болжам бар.

Еркін Тәтішев, KUSTO Group директорлар кеңесінің төрағасы:

20 млн гектар жердің небәрі суармал 3,5 млн гектары жылына 25 млрд доллардың өнімін береді. Қазір Қазақстанда 200 млн гектардан көп жер бар. Біз әзір тек 10 млрд-тық өнімді өнідіріп отырмыз. Мүмкіндігіміз бен әлеуетімізді дұрыс пайдалансақ, алдағы 10-15 жылда Қазақстан жылына 200 млрд доллардың өнімін шығаратын болады.

Стив Каневски, Valmont industries компаниясының президенті:

Қазақстан үлкен нарықтарды азық-түлікпен қамтамасыз ететін Орталық Азиядағы көшбасшы болатынына сенеміз. Оған мүмкіндігі мен әлеуеті зор. Оны біз ЭКСПО-ға келгенде байқадық. Сол кезде біз жоспар құрып, сіздердің тараптармен сөйлесе бастадық. Компаниямыздың нарықта жүргеніне - 73 жыл. Біз тек Америкада ғана емес, Қытай, Бразилия, Оңтүстік Африка, Автстралия сынды елдерде жұмыс істейміз.

Жер-жиһандағы алдыңғы қатарлы агроелдер қолданатын қондырғылар, суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни, керек жерге ғана сеуіп, оңды-солды төгуден сақтайды. Бұл – суға қат Оңтүстік өңір үшін үлкен көмек болмақ. Айта кетейік, зауыт құрылысы еліміздің Солтүстік өңірінде бой көтеруі ықтмал. Ірі жобаның құны – 50 млн доллар.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу