Ақтөбеде 8 өзеннің арнасын тазарту жұмыстары жалғасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 8 өзеннің арнасын тазарту жұмыстары жалғасады

10.07.2019

Бұл туралы өңірге арнайы барған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Бұған дейін шаһар тұрғындары құны 6 миллиард теңгеден асатын жобаны тоқтатуды талап еткен еді. Олар өзендердің тартылып, жағалаудағы жасыл желектің оталып жатқанына наразы болды. Кейін өңірге барған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, жағдайды нақты зерттегенге дейін жұмысты уақытша тоқтатуға шешім шығарды. Екі аптада алғашқы қорытындысын шығарған комиссия өзендердің арнасын кеңейту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді. Мердігер мекемелер мен жобалаушылар кеткен қателіктерді мойындады. Енді кейбір ескертулерге байланысты жобаға түзетулер енгізілмек.

Ахметжан Пірімқұлов, Экологиялық зерттеу және бақылау комитетінің төрағасы:

Жоба тоқтатылмайды. Қазіргі күнде ол тоқтап тұр. Оны өзгерістер енгізіп болмай, ол жұмыс жалғаспаайды. Өзгерістер енгізіп, сіздермен бірге ақылдасқан соң барып, жобаны жалғастырамыз.

Мұрат Бисенов Су ресурстары комитетінің төрағасы:

Су ресурстары комитеті жобаны аяқтау қажет деп біледі. Бұл су тасқыны кезінде қауіпсіз болады. Ағаш кесуде қателік кеткені рас. Мердігерлер әкімдік айтқан жерге көшет отырғызуы тиіс.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу