Темір жол билетінің тапшылығы неге жаз мезгілінде жиілеп кетеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Темір жол билетінің тапшылығы неге жаз мезгілінде жиілеп кетеді?

11.07.2019

Алматыда билет таппаған жұрт діттеген жерлеріне жете алмай қиналып жүр. Себебі кассада билет жоқ. Ал алыпсатарларда бар. Бір күн емес, бір аптадан бері теміржол бекетінен шықпай, сандалған жолаушылар пысықайлар билеттің құнын аспандатып жіберген деп налиды.

 

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

 

Міне, біз қазір «Алматы-2» теміржол бекетінде тұрмыз. Мегаполистің тұрғындарының арыз-шағымы бойынша билет жоқ көрінеді. Біз қазір соны сұрап білмекшіміз.

-Сәлеметсіз бе? Қалыңыз қалай?

-Жақсымысыз.

- Астанаға- Нұрсұлтанға билет керек еді.

- Тальгоға эконом кластың бағасы 27 мың 300 болады.

- Жай пойыз жоқ па?

-Орын жоқ. Жақын араға орын жоқ. 

 

Кассирдің "Билет жоқ" деген сөзін он күннен бері естісе де, үмітін үзбей жүрген жолаушылардың бірі — Айназия Нұралиева. Атыраулық келіншек Алматыда жоғары білім алып, студенттік өмірін өткізген. Сондықтан ол жастық шағы өткен сүйікті қаласына күйеуімен саяхаттап келіп, енді кері қайта алмай жүр.

 

Айназия Нұралиева, жолаушы:

 

Такси болсын, автобус болсын, осы вокзал болсын, барлық жерге ешқандай билет жоқ. Әзірге біз ауылға қалай қайтатынымызды білмей отырмыз.  Алыпсатарлар жүр әрине қарапайым 11 мыңның билеттерін ол кісілер 50 мыңға сатып жатыр.

 

Ал жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын мекеменің мамандары бұл жағдаймен жете таныспыз. Бірақ алыпсатарларға тосқауыл қоюдың жолын таппай отырмыз деп ақталды.

 

Диас Ахметшәріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі:

 

Жалпы билет тапшылығы ондай проблема бар. Біз оны жақсы білеміз. Билет тапшылығын жою үшін біз осы жылдың бірінші шілдесінен бастап электронды билет сатудың жаңа түрін енгіздік. Ол жетілдірілген жүйе. Бұл жүйенің ескі жүйеге қарағанда ұтымды тұстары көп бұл жүйенің. Ең алдымен бізде 233 жолаушылар тасмалына қатысты касса болса, төрт жарым мыңнан аса жеке кассалар бар. Осы алыпсатарлар жекеменшік кассалармен тығыз байланыста. Олар солармен бірге жұмыс атқара отырып мына билеттің тапшылығын тудырады.

 

Жолдың сырын жүрген біледі. Ал билеттің сырын алыпсатарлар біледі. «Теміржол бекетінде өршіген келеңсіздіктің кесірінен, біз зардап шегіп отырмыз», - дейді жолаушылар.   

 

-Билет жоқ дейді. 45 күн бұрын сатылып кетеді дейді. Содан кейін Павлодарға жүретін пойыздың бағасы өте қымбат. 

-Тамызға  Қызылордадан- Алматыға билет жоқ. Ал кімнен сұраймыз десем анықтамалық терезеден сұраңыз дейді. Қалай ол? 42 күн бар 21 тамызғы дейін.

 

Статистикаға жүгінсек, былтыр 18 миллион адам теміржол қызметін пайдаланған. Олардың 80 пайызы «Жолаушылар тасымалына» тиесілі болса, қалған 20 пайызы жеке меншіктің үлесіне тиесілі. Ал биыл «Қазақстан теміржолынан» 8 миллион адам билет сатып алса, 6 миллионы электронды билет. Алайда, кейбір пысықайлар электрондық билетті де алып сатудың әккі әдісін үйреніп алған.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу