11 миллион қазақстандықтың жеке басына қатысты ақпараттар желіге тарап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

11 миллион қазақстандықтың жеке басына қатысты ақпараттар желіге тарап кеткен

11.07.2019

11 миллион қазақстандықтың жеке басына қатысты ақпарат желіге тарап кеткен. Демек кәмелет жасына толған әрбір азаматтың мәліметі алаяқтардың қолына түсуі бек мүмкін. Оның үстіне ІТ мамандарының айтуынша интернет кеңістігінде бұл мағұлматтар жарты жылдан бері бар екен. Қазір дерек қоры кімнің қолынан немесе қандай себеппен жария болғаны анықталуда. Құзырлы органдар мәліметтер базасына жауапты министрліктерді де атады. Тек қателікті қайсысы жіберді? Тексерілуде.

 

Азаматтар туралы ақпараттың ашықтығын алғаш анықтаған кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы. Әдейі емес. Кездейсоқ кезіктіріпті. Жұмыс барысында гуглден бір мәлімет іздей келе сезікті серверге тіреледі.

 

Арман Әбдірасылов,  Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры:

 

Жолын тексере барғанда біз ресейлік IP адресі бар сервер таптық. Ол сервердің ішінде 11 миллион түгеншеев деп терсеңіз, кез-келген адам, бүкілі шығады иә? – Иә, аты-жөні, тегі. Тұратын адресі құжаттарының нөмірі, берілген күні.

 

Ол ол ма? Ақпарат толық жаңартылған. Яғни сіз бен біз туралы соңғы мәлімет ғаламторда жарты жыл бойы самсап тұрған. Әрине оны анықтаған орталық дереу дабыл қақты. Бірақ кеш болуы мүмкін.

 

Арман Әбдірасылов,  Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры:

 

Ресейдегі IP адрес бойынша табылған базалар, жүктелген сервер нақты қазіргі уақытта сөндірулі. Бірақ та ол қанша адамға тарағанын, қай жерге тарағаны әзірге белгісіз.

 

Ақпараттық қауіпсіздік үш тұғырдан тұрады. Қолжетімділік, құпиялылық және тұтастық. Тимур Бектұр соның соңғы екеуіне қауіп төніп отырғандығын айтты. Дегенмен мәліметтер көпшіліктің қолына түспеді деп есептейді. Ал егер керісінше болса ше? 

 

Тимур Бектұр, IT қауіпсіздік саласының маманы:

 

Бірақ менің ойымша оны комерциялық мақсатта қолдануы әбден мүмкін. Бұл енді ең жеңіл құтылғанымыз деп есептеуге болады. Ал одан бөлек ол адамдардың кейбіріне қоқан-лоқы жасауы мүмкін.  Ол енді ақпарат қолына түскен адамның фантазиясына байланысты.

 

Осыншама толымды ақпарат денсаулық сақтау, әділет, сондай-ақ білім және ғылым министрліктерінде сақталады. Тағы орталық сайлау комиссиясында бар. Бұған қай құзырлы орган кінәлі? Әзірге тергеліп, тексерілуде.  

 

Руслан Әбдіхалықов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі комитеті төрағасының орынбасары: 

 

Бұл мәліметтер қай мемлекеттік органға жатқанын түсінгеннен кейін әкімшілік өндіріс ісі қозғалады. Демек ақпараттың қожайыны, жеке меншік иесі жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде салғырттығы үшін деген бап бар. Сол бойынша айыппұл санкциялары салынады.

 

Нысаналы Ығыл, тілші:

 

Бұл жағдайда техникалық ақау деген нұсқа мүлдем қарастырылмаған. Кінәрат адами факторда. Әдейі істелген бе немесе салғырттық па, қазір анықталып жатыр. Ал ІТ саласы мамандары мәліметтер базасы қай мемлекеттік органға тиесілі екенін жақсы білеміз дейді. Тек оны тергеу нәтижелері бұрмаланған жағдайда ғана жарияламақшы.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу