ШҚО-да жүк көліктерінің жүргізушілері тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да жүк көліктерінің жүргізушілері тапшы

15.07.2019

Шығыс Қазақстанда жүк көліктерінің жүргізушілері жетіспейді. Кадр тапшылығы әсіресе жол құрылысы саласындағы кәсіпорындар үшін өзекті болып тұр. Халықаралық маңызға ие Омбы-Майқапшағай тасжолының осы аймақтағы бөлігін жаңарту жұмыстары 2022 жылға дейін аяқталуы тиіс. Қалбатау ауылы мен Зайсан ауданындағы қазақ-қытай шекарасына дейінгі 415 шақырым тасжолда шетелдік және отандық құрылыс компаниясы бірлесіп жұмыс істеуде. Бекітілген жоба бар, техника да жеткілікті. Бірақ сол көліктерді жүргізетін адам тапшы болып тұр.

Омбы-Майқапшағай трассасының бір бөлігі Тарбағатай ауданыны арқылы өтеді. Қазір бұл жақта жолды кеңейту, ескі асфальтты қырып алып, айналма жолдың үстіне төсеу және геодезиялық жұмыстар жүріп жатыр.

Берікбол Қуанышұлы, жұмысшы:

Мемлекеттік дәрежедегі жол болғандықтан, екі жағын қалай кеңейтеміз, неше жылға шыдамдылығы болатынын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал келесі жылы асфальт салу жұмыстары басталады.

Жол салушылар екі ауысымға бөлініп жұмыс істейді. Әрбір учаскіде 150-ден 200-ге дейін адам еңбек етуде. Олардың 80 пайызы - жергілікті тұрғындар.

Берік Көшербай, тілші:

Жолдағы құрылысты қазіргіден де қарқынды жүргізуге болады. Бірақ оған жұмысшылардың, әсіресе көлік жүргізушілерінің тапшылығы кәдімгідей қолбайлау болып тұр. Мысалы, мына жерде 20-ға жуық жаңа жүк көлігі және басқа да арнайы техника қаңтарылып, бос тұр. Өйткені, оларды басқаратын адам жоқ.

Бұл проблеманы шешуге жергілкті билік өкілдері де кіріскен. «Жұмыс істеуге барлық жағдай жасалғанын, орташа жалақы 180 мың теңгеден жоғары екенін халыққа барынша айтып жатырмыз», - дейді олар.

Ержан Сабырбаев, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып жатырмыз. Ақжар деген үлкен ауылда.

Жол құрылысының жақсы жүруіне Тарбағатай ауданындағы өнерпаздар да өз үлестерін қоспақ. Олар жұмысшыларға арнайы концерт ұйымдастырып, ұлттық өнермен сусындатты.

Ербол Аймұхамбетов, мердігер компанияның жұмысшысы:

Қазақтың әндерін тыңдадық, көңілден шықты. Жұмыстан шаршап жүргенде бір демалып, серпіліп қалдық.

Құрылысшыларға медеу болып, мерекелік көңіл-күй сыйлаған халыққа мердігер компания да қолдан келген көмегін көрсетпекші. Өз техникаларымен жол бойындағы ауылдар ішіндегі жолдарды, көпірлерді жөндеуге, өзен арнасын тазартып беруге уәде беріп, бұл келісім арнайы меморандуммен бекітілді.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу