Маңғыстау облысының Бейнеу станциясына жаңа теміржол вокзалы қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысының Бейнеу станциясына жаңа теміржол вокзалы қажет

16.07.2019

Маңғыстау облысының Бейнеу станциясына жаңа теміржол вокзалы қажет. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Бейнеу вокзалы ешбір талапқа сай емес. Кезінде 50 адамға арнап салынған нысанды қазіргі уақытта тәулігіне мыңға жуық жолаушы пайдаланады.  Аптап ыстық пен аязды күндері алыс сапарға шыққан жұрт жазда көлеңке, қыста жылы жер іздеп әбігерге түседі. Тым болмаса, қарапайым дәретхана болса екен дейді. Бейнеуде  жаңа вокзал салуға не кедергі?

Бейнеу станциясы – еліміздегі үлкен темір жол бекеттерінің бірі. Вокзал 1986 жылы салынды. Қазір мұнда тәулігіне 26 пойыз келеді. Оның 6-ауы төрт мемлекет арқылы өтетін транзиттік пойыздар.

 

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

 

Халықаралық дәрежедегі Бейнеу вокзалында жолаушылар үшін ешқандай жағдай жасалмаған. 2 кассадан басқа қызмет көрсетілмейді. Заманауи қызмет түрлері атымен жоқ. Ғимарат ескі, әрі тар. Бірде-бір салқындатқыш жоқ.  

 

Шыжыған шілдеде ғимаратта отыру мүмкін емес. Діңкесі құрыған жұрт аптап ыстықта амалсыз  бұрыш-бұрышты  көлеңкелейді.  Мұнда тіпті  жүк сақтайтын жер де қарастырылмаған.  

 

Ахметжан Хадисұлы, Бейнеу ауылының тұрғыны:

 

Ыстықта да, қысты күні мынаның ішіне адам сыймайды, шыны керек. Тарлық етеді. Және ешқандай жағдай жасалмаған.

 

Дүзелбай Құлтөреев, Ақтобе қаласының тұрғыны:

 

Бұл жерге кемінде 500 адамдық вокзал керек. Өзбекстан, Мақат, Маңғышлақ, Шалқар 4 тарапқа пойыз жүреді. Қазақстанда темір жолға қарап жатқан адам жоқ.

 

Вокзал – Қазақстан темір жолы компаниясының меншігі. Десе де, жергілікті депутаттар жаңа нысан салуды сұрап, құзырлы органдарға бірнеше рет сауал жібергендерін айтады. Бірақ мардымды жауап алмаған.

 

Расул Тайшыбаев, Бейнеу аудандық мәслихатының депутаты:

 

Адам көп шоғырланатын жер. Осындай ауқымдағы адамды қамтамасыз ете алмайды. Парламентке депутаттық сауал жібере береміз. Облыс әкімінің деңгейіне көтереміз, бұған дейін де көтеріп келдік. Қазақстан темір жолының басшылық құрамы осы мәселені қарастырса.

 

«Қазақстан темір жолы» компаниясына біз де сұрау салдық.   Ұлттық компания  қаржылық жағдайды  алға тартып жауап жазды.  Бейнеу станциясында жаңа вокзал салынбайды,  жаңасы түгілі, алақандай ескі ғимаратты күтіп ұстаудың өзі қиынға соққанға ұқсайды. Себебі компания  вокзалды Маңғыстау облыстық әкімдіктің меншігіне ұсынған. Бірақ олар да бас тартты.  

 

Аягөз ОРАЛБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу