Сыр өңірінде биыл іске қосылған «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының өнімі нарыққа шығарылды. Өндіріс орны бір айдың ішінде 100 мың тонна шикізат өндіріп, бүгінде толық қуатымен жұмыс істеп жатыр. Цементтің тоғыз түрін шығаратын әлеуеті мол зауыттың тыныс-тіршілігімен өңірдегі тілшіміз танысып қайтты.
Шілденің аптап ыстығына қарамастан өндіріс орнында қайнаған тіршілік. Цемент шығару процесі бірнеше күрделі кезеңнен тұрады. Соның ішінде маңыздысы мың жарым градусқа дейін қыздыратын пеште негізгі шикізат өндірлуде. Алынған цементтің құрамы жіті тексеріліп, өнімге оң қорытынды берілген соң, қапталып нарыққа жөнелтіледі.
Мақсат Нұрсейітов, Өндіріс басшысы:
Басқа зауыттардан ерекшелігі біз кебу тәсілімен цемент өндіреміз. Және де жүз пайыз автоматтандырылған. Ол дегеніміз сапаны бақылауда адами фактор болмайды. Оның бәрін лабораторияда арнайы тексерілетін құрылғылардың арқасында цементтің сапасын сағат сайын тексеріп бақылап отырамыз.
Қазіргі таңда зауыт тәулігіне 4 мың тоннаға дейін цемент шығаруда. Жұмысшылар төрт ауысыммен 24 сағат тынымсыз еңбек етуде. Өйткені қазір құрылыс маусымының қызған шағы. Шиелі цементінің нарыққа шыққанына небәрі бір айға жуық уақыт болса да, бүгінде елімізден және көршілес мемлекеттерден көптеп сұраныс түсуде.
Алмас Сұраншиев, «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС бас директорының орынбасары:
Жоспарымызда Батыс Қазақстанды игеру, Ақтөбеге цемент сату жоспарымызда бар. Сонымен қатар экспортқа біз қазір Өзбекстан Республикасымен 50 мың тоннаға дейінгі келісім-шартқа қол қойдық. Қазіргі таңда ол жақа 10 мың тонна цемент жіберілді.
Іргелі инвестициялық жоба іске қосылғалы 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да өз үлесін қосуда.
Ақерке Берікбек