Ел экономикасын шикізаттық тауарлар экспортына тәуелділіктен арылту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ерекше назар аударғаны мәлім. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақстандық экспорттың құрылымы әлі де өзгермей келеді. Нақтысы сыртқы сауда- саттықтың 70 пайызы мұнай-газ, түсті металл сынды шикізаттық сектордың еншісінде. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жағдайды оңалту жөнінде тапсырма берді. Атап айтқанда, экономиканың өңдеуші саласына серпін беру керектігін ескертті. Қарапайым тілмен айтқанда, халық тұтынатын отандық тауарлар тізбегін көбейтіп, оны барынша сыртқа саудалап, ел қазынасына еселеп табыс түсіретін уақыт жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, қазір экономикалық ахуал қуанатындай жағдайда емес. Қазақстандық салалардың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі төмен деңгейде қалып тұр. 2017 жылғы экономикалық күрделіліктің жаһандық индексінде Қазақстан 133 мемлекеттің арасында 81 орын алды. Сондықтан өндіріс көлемін арттырумен бірге өндірілетін және экспортталатын тауардың санын да, сапасын да арттыру маңызды.
Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан алдағы 3-4 жылдың ішінде шикізаттық емес тауарлар экспортын 1,5 есеге көбейтеді. Оның құны шамамен 32 миллиард теңгені құрайды. Мұндай межеге отандық экспорттаушыларды қолдау арқылы қол жеткіземіз деп отыр. Айта кетейік, Қазақстан биыл сыртқа тауар шығаратын экспортшыларды қолдау шараларына 500 миллиард теңге бөлген.
Ербол МӘНДІБЕК