Күннің аптап ыстығына қарамастан Арыста құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әсіресе жамбылдықтардың қарқыны күшті. Қаланы қалпына келтіруге білек сыбана кіріскен олар өздеріне тиесілі аумақтағы 50 үйді жөндеп біткен. Құрылыс жұмыстарына 4 құрылыс компаниясының 450 жұмысшысы, 21 техникасы жұмылдырылған. Бүгін Арысқа Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы барып, штаб жұмысымен танысты.
Мына картада үшінші сектордағы әрбір үй жеке-жеке белгіленген. 11 көше. Оның бойындағы 312 баспана. 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан. Соның бәрін іші-сыртын бүтіндеу, қирап қалғанын қайта тұрғызу жамбылдықтарға жүктелген. Жауапкершілік жүгін қалай еңсеріп жатқанын штабтағылар облыс әкіміне баяндады.
Райхан апа ескі үйінің жөнделіп, жаңарып қалғанына дән риза. Бұрын болмаған темір есік, пластик терезе салынғанын әкімге айтып мақтанды. Қолды- аяққа тұрмайтын жамбылдық жігіттерге алғысын жаудырды.
Ал Зейне апаның жап-жаңа үйінің жарылыстардан жұлым- жұлымы шыққан еді. 10 күн ішінде түк болмағандай қайта жарқырап шыға келді. Тәубешіл ана баспана емес, бас қайғы болған күнді еске алды.
Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:
Бір-біріне жапсарлас орналасқан мына үйге снаряд түсіп, жермен жексен болған. Мінекей, жарылыстан кейінгі жағдайы. Міне, осы үйдің орнына мынадай екі пәтерлі үлкен үй салынайын жеп жатыр. Жоспар бойынша тамыз айының 31-не дейін құрылысы бітуі керек.
Жарылыс кезінде тас-талқаны шыққан екі үйдің осылай іргетасы қаланып жатыр. Тағы бірі бастан-аяқ қалпына келтіріледі. Бәрінің ақау актілері, жобалық сметалық құжаттары түгел.
Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:
Шілденің аптап ыстығы. Кейбір тұрғындар далада немесе ауласындағы, басқа да құрылыстардың ішінде тұрып жатыр. Соның бәрін ескеріп отырмыз. Барынша бітіретінін бітіріп, барынша қысқа мерзімге беруге тырысамыз.
Асқар Мырзахметов құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Қажетті материалдар күн құрғатпай келіп жатыр. Тиісті қаражат республикалық бюджет пен арнайы ашылған қордан бөлінген.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ