Үкімет басшысы Асқар Мамин Арысқа барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы Асқар Мамин Арысқа барды

19.07.2019

Үкімет басшысы Асқар Мамин Арысқа барды. Құрылыс алаңдарын аралап, әр сектордың жұмысымен жеке-жеке танысты. Айта кетейік, әскери қоймадағы жарылыстан қала бойынша 7171 жер үйге, 97 көпқабатты нысанға зақым келген. Төтенше жағдайдың ауқымына байланысты Арыс 17 секторға бөлініп, олар үшін жауапкершілік әр облыс пен қалаларға бекітілген. Үкімет басшысы мектеп, балабақша, темір жол вокзалы, қалалық ауруханаға барып, жөндеу жұмыстарының барысын өз көзімен көрді.

Бүгінде 4 жарым мыңнан астам жер үйдің, 78 көпқабатты ғимараттың бұзылған жерлері бүтінделіп жатыр. Ал тас- талқаны шыққан 107 баспана мен 1 көпқабатты нысан қайта салынады. Сол көппәтерлі жалғыз үйдің құрылысы Нұр-Сұлтан қаласына жүктелген. Елордалықтар Үкімет басшысына іргесі енді қаланатын сол үйдің нобайын көрсетті.  24 пәтерлі ғимаратты  салуға 784 миллион теңге қажет дейді.

Шатыры жұлынып, терезелері шағылып қалған мына білім ошағының құрылысы «Самұрық-Қазынаның» мойнында. Жалғыз бұл емес, осы секілді  53 мектеп, 8 медициналық мекеме, 4 спорт кешені, жалпы айтқанда, 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруі тиіс. Осының бірқатарын аралаған Үкімет басшысы 15-сектордағы Алматы облысы штабының жұмысымен де танысты.       

 

Ләззат Тұрлашев, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары:

829 үй бар. Оның 32-і өздері жөндеу жұмысы қажет емес деп бас тартты. 35 үйдің иесі табылмады. Іздестіріп жатырмыз. 762 үй ремонт талап етеді. 2 үйді жаңадан салу керек.

Ал Арыстың кіре берісіндегі мына кең алқапқа 100 отбасына арналған 50 «дуплекс» типті үй салынады. Бұл — «Баламекен» деп аталатын  Болат Өтемұратовтың қайырымдылық жобасының жалғасы. Меценат көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге арналған осы үйлердің құрылысына  760 миллион теңге бөліпті.

 

Еркін Өзербаев, «Болат Өтемұратов» қорының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері:

Жер дайын. Инфрақұрылым салынып жатыр. Ертеңнен бастап құрылыс жұмыстары басталады.

Премьер министр апаттан жапа шеккен тұрғындармен де тілдесті. Олар азаматтық қоғамның,  мемлекеттің қамқорлығы үшін Үкімет басшысына алғыс айтты.

100 мың теңге өтемақы алу үшін тұрғындар құжаттарын түгел тапсырып үлгерген. Айта кетейік, бір реттік төлемді Арыс қаласы ғана емес, іргелес Қожатоғай, Ақдала, Дермене ауылының тұрғындары, бас-аяғы 55602 адам алатын болды.

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу