Алматыдағы №96 балабақшада бейтаныс әйел бала ұрламақ болды. Абырой болғанда, тәрбиеші бүлдіршінді тек ата-анасына бере алатындығын айтып, құтқарып қалған. Қазір күдікті азаматтың әрекетіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ал мекеме қызметшісіне сыйақы тағайындалды.
Айжан Бекен осы балабақшада бірнеше жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, тал түсте жүзін жасырған егде жастағы әйел Әлихан есімді баланы алып кетуге келген. Ол "Баланың әкесі жол апатына түсті, ал анасы ауырып жатыр" деп сендірмек болған. Бірақ тәрбиеші одан күдіктеніп, бірден ата-анасына хабарласамын дегенде әйел қашып үлгерген.
Айжан Бекен, №96 балабақшаның тәрбиешісі:
Түрін айта алмаймын, өйткені, ол кісі үлкен көзілдірікте болды. Түрін дұрыс көрсетпеді. Бұрын көрген жоқпын ол кісіні. Қазір көрсетсе де мен танымаймын ғой.
Ал "Мұндай жағдай қалада алғаш рет болып отыр", - дейді Білім басқармасының өкілдері. Олардың сөзінше, заң бойынша бөтен адамға, кәмелетке толмағандар мен ішімдік ішкендерге бала берілмейді. Ол кез келген балабақшаның келісімшартында жазылған. Тек өзінің ата-анасы немесе олар рұқсат берген адамдар алады. Сондықтан қазір мегаполистегі барлық балабақшада қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Әлия Сағиева, мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің меңгерушісі:
Басқа адамдар баланы алатын жағдай болған кезде, біз ылғи ата-аналарға айтамыз, өздерінің қолынан қолхат жазып, наториалдық тұрғыда сол қолхатқа мөр қойып, алатын кісінің номерін, жеке куәлігін бәрін жазып, меңгерушіге сондай арыз береді ата-ана.
Ішкі істер басқармасы мамандарының сөзінше, бала ұрламақ болған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жедел тергеу тобы құрылып, олар оқиғаның мән-жайын біліп, заң бұзушыны анықтауға кірісті.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ