Алматыда Қазақстанның демографиялық ғылыми-зерттеу институты ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Қазақстанның демографиялық ғылыми-зерттеу институты ашылды

23.07.2019

Ресми дерек бойынша, жаңадан үйленген ерлі-зайыптылардың 65 пайызы үш жылға жетпей ажырасып кетеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында Алматыда Қазақстанның демографиялық ғылыми-зерттеу институты ашылды. Енді бұл орталықта халқымыздың санын арттырып, сапасын көтерудің замануи тәсілдері терең зерттеледі.

Екі қыздың анасы Әниса 25 жаста. Ол 4 жыл отасқан күйеуімен ажырасып жатыр. Үшіншісіне аяғы ауыр. Дәрменсіз ана басындағы жағдайға байланысты көпшіліктен көмек күтеді.

Әниса Ақтамова, тұрғын:

Әлеуметтік жағдай да бар. Негізі кикілжің де бар. Ішімдікті көп ішеді. Жұмыстың жоқтығынан шығар деп ойлаймын. Қол жұмсайды.

Елімізде жаңадан үйленген ерлі-зайыптылардың 65 пайызы үш жылға жетпей ажырасады екен. «Бұған әлеуметтік жағдай мен ұлттық тәрбиенің жоқтығы себеп», - дейді мамандар.

Әміржан Әлпейісов, тарихшы, профессор:

Тәлім-тәрбиеге үлкен мән бермейтін болсақ, онда болашақта бұл мәселе тағыда қиындай түсуі мүмкін.

Міне, қылдан жіңішке бұл түйткілді біржақты қарастыру қоғамды тығырыққа тірейді. Сондықтан ғалымдар арнайы институтта тұрақты зерттеу керек екенін айтады.

Жұматай Әлиев, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

Ұлттық демография - сан мен сапа. Сан көбейсе, сапа өзімен-өзі болады. Халық саны көбейген сайын, ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық құндылық одан сайын өседі.

Зиялы қауым демография институты отбасы құндылықтарын арттыруға негіз болатынын жеткізді. Ал еліміздегі әрбір жанұяның жағдайына бейжай қарамайтын ғалымдар Әнисаға көмектеспек.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу