Баянауыл ұлттық паркі ЮНЕСКО-ның тізіміне енуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баянауыл ұлттық паркі ЮНЕСКО-ның тізіміне енуі мүмкін

24.07.2019

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКО-ның ғаламдық геопарктер тізіміне енуі мүмкін. Бұл жөнінде Павлодарда өткен «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» атты халықаралық конференцияда жария етілді.

ЮНЕСКО өкілдері алдымен Баянауылда болып, тарихи орындарды аралады. Аңызға бергісіз мол мұрағаттарға бай киелі өлке шетелдіктерді бірден қызықтырды. Әсіресе, көркем табиғат, ондағы жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі туризмді дамытуға әбден лайық.

«Негізі Баянауыл - әлем халқының назар аударуына тұрарлық керемет өлке»,-дейді қонақтар. Қазір ЮНЕСКО қарамағында 100-ден аса геопарк бар. Олар әлемнің әр түкпірінде орналасқан. Баянауылды ғаламдық геопарктер тізіміне енгізу үшін тез арада жұмыс тобын құру шарт. Себебі ұлттық парктің қазіргі жағдайы аса сын көтермейді.

Анна Мари Вильмено, Лувен католик университетінің профессоры:

Бұл аумақтағы ландшафт өте маңызды. Оның үстіне көп жерлерде петроглифтер мен тарихи маңыздылығы ерекше мол мұра жатыр. Соларды сақтап қалу керек. Өкінішке қарай, ескерусіз қалып, адам қолымен бүлінген жәдігерлерді көргенде жанымыз ашыды. Қорғаныш кемшін болып жатыр. Әрине, ЮНЕСКО тізіміне енсе, Баянауыл ұлттық паркі жедел дамитын болады. Оған дейін қазіргі бар дүниені сақтап қалу керек.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу