Алматыда үшінші сәбиін босанған келіншек перзентханада көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда үшінші сәбиін босанған келіншек перзентханада көз жұмды

24.07.2019

Алматыда №1 қалалық перзентханада босанған әйел қайтыс болды. Қайғылы оқиға 17 шілде күні болған. Алайда дәрігерлердің кесірінен өлді деген келіншектің туыстары, ауыр жағдайды әлеуметтік желіге жазып, дабыл қаққаннан кейін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары мен тергеушілер істің мән-жайын анықтауға кіріскен.

Гүлсіман Якуповаға 17 шілде, түнгі сағат 3:00-де №1 перзентхана дәрігерлері кесір тілігін жасаған. Өмірге қыз келді. Бірақ ішіне көп қан кеткен анасы қайта жасаған операциядан кейін көз жұмған. «Сондықтан қызымыздың өліміне дер кезінде көмек көрсетпей, диагнозын дұрыс анықтай алмаған дәрігерлер кінәлі», - дейді қара жамылған отбасы.

 

Оманжан Тоқдиев, қайтыс болған келіншектің әкесі:

Қызыңыз қайтыс болды деді. Сол қарамағанның себебі. Міне, енді үш немерем қалды. Білмеймін мен жаздым қазір, прокуратураға бәріне жаздым. Енді маған оларды соттату қажеті жоқ. Тек қана бұдан кейін бұндай болмаса деп.

 

Ал Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бұл жағдаймен жете таныс. Анасын құтқарып қала алмадық. Ал шала туған қызының жағдайы қазір бір қалыпты. «Десек те перзентханада болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін кешенді комиссия құрдық»,- дейді мамандар.

 

Әсел Аманжолқызы, Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Науқасты құтқарып қалу мүмкін болмады. Қазір кешенді тексеру жүріп жатыр. Операцияға қатысы бар 4 медициналық қызметкер уақытша қызметтен шеттетілді.

 

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:

Босанған келіншектің өліміне қатысты Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінде Кодекстің  317 - бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда сот медициналық сараптама тағайындалды.

 

Алайда бұл сот медициналық сараптамасының қорытындысы үш аптадан соң шығады. Егер дәрігерлердің кісі өліміне қатысты кінәсі анықталса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу