Арыстағы апатқа бүгін — тура бір ай. Дүйім елді дүр сілткінткен сол дүрбелеңнің дүбірі басылды. Жарылыс жайпап өткен қала қазір қалпына келтіріліп жатыр. Жапа шеккен тұрғындар естерін жинап, естеліктерімен бөлісуде. Сол күні әлеуметтік желіде жарияланған мына сурет естеріңізде ме? Қиын-қыстау сәтте анаға арқасүйер болған азаматтың әрекеті елді сүйсінтті. Тілшіміз Гүлжазира Ғалиқызы осы танымал суреттің бейтаныс кейіпкерін іздеп тауып, тілдескен еді. Соны бірге көрсек...
Сол бір аласапыранда анаға арқасын тосқан жігіт осы. Бексұлтан Миятұлы. Көпшілік ойлағандай, әскердегі сарбаз емес. Шымкенттегі өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің білдей маманы. Аға инженердің негізгі жұмысы – кеңседе. Алайда ауқымды апат болғанда кабинетте қамалып отырмайды. Құтқаруға аттанады.
Барлық өрт сөндіру, құтқару техникаларының жай-күйін қадағалау, еңбек қауіпсіздігі мен азаматтық қорғаныстың қыр-сырын үйрету — Бексұлтанның күнделікті жұмысы. Ал сол күні Арыстағы ағайынды құтқаруға бес қаруын түгелдеп, арнайы жасақпен өзі де кетті.
Аманбек Бейсембаев, Шымкент қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы:
Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті басшылығы тарапынан көмекке қызметкерлерді, құтқарушыларды, өрт сөндірушілерді сұраған. Шымкент қаласынан бас-аяғы 11 техника, 109 адамды кезек күттірмейтін авариялық құтқару жұмыстарын жүргізуге жібердік.
Сол күні снарядтар бұршақтай жауып жатқанда, жұрт қырға қарай бас сауғалап қашқан. Оның үстіне су қоймасы жарылады екен деген қауесет те үрейді өршіткен. Арнайы техника болмағанда, қарапайым көлік өрге өрмелеп кеткен халыққа жете алмас еді.
Ішіне тек 33 адам әрең сиятын бұл көлікті сол күні аузы мұрнына дейін толтыруға тура келді.
Бексұлтан Ибадулла, Шымкент қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің аға инженері:
40 ересек адам, 35-тей кішкентай бүлдіршіндер болды. Осы автокөлікпен қырдан адамдарды қауіпсіз аймақтарға көшірдік.
Бексұлтандар жол талғамайтын осы көлікпен дер кезінде жетпегенде ас-сусыз қыр басында қалжыраған жұрттың халі не болар еді? Қосалқы есіктің ернеуі биік, әйелдер түгіл желкілдеген жастың өзі мінуі қиын.
-қысылтаяңда анаға арқа тосу ой қайдан келді?
-Білмеймін, аяқ асты уақыт үнемдеу үшін еңкейіп, адамдарды жоғарыға мінгізіп жіберу.
-Қасыңызда жолдастарыңыз болды ма?
-Қасымда жүргізуші, тағы бір-екі қызметкер болды.
Бексұлтан мен оның жолдастары қиын-қыстауда елге арқасүйер болатынын дәлелдеді. Бірнеше күн Арыста отпен алысып, өртті ауыздықтап, халықты құтқарған Шымкенттік жасақтың 90 қызметкері марапатқа ұсынылды. Оның ішінде ерекше көзге түскен Бексұлтан да бар.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ