Ресеймен әріптестік байланыс қуаттанып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресеймен әріптестік байланыс қуаттанып келеді

26.07.2014
Ресеймен әріптестік байланыс қуаттанып келеді

Ресей Федерациясы Қазақстан үшін маңызды іскерлік серіктестердің бірі. Кедендік Одақтың арқасында екі жақты әріптестік, тіпті нығая түсті.

Атырау облысы әкімдігі бастаған делегация экономикалық байланысты одан әрі дамыту үшін Ресейдің Астрахань өңіріне іс сапармен барды. Әсіресе, білім және ауыл шаруашылығы саласында бірлесіп атқаратын жұмыстар нақтыланды.

Атыраулық делегация алдымен Астрахань қаласында орналасқан көкөністің барлық түрлерін өңдейтін кешеннің жұмысымен танысты.

Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны жылына 3 мың тоннаға дейін консервіленген және мұздатылған өнім дайындауға қауқарлы.

Мұнда 4 мың тоннаға жуық көкөніс арнайы тоңазытқышы бар қоймада сақталады. Осының арқасында бұл зауытта жұмыс қысы-жазы үздіксіз жүргізіледі.  

Наджмеддин Кулиев, цех басшысы:

Күні бүгін өнімдерімізді шет елдің нарығына көптеп шығаруды көздеп отырмыз. Себебі, біздің зауытта орналасқан италиялық құрылғылар халықаралық стандарттаға сай сапалы өнімдер шығарады.

Әзірге, тауарымызды Әзірбайжанға экспорттаудамыз. Алдағы уақытта Қазақстанның нарығына да жол салуды жоспарлап қойдық.  

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары, басқарма басшылары мен кәсіпкерлердің бұл нысанда болуы бекер емес. Себебі, биыл мұнайлы өңірде де аймақ басшысының тапсырмасымен көкөністі өңдейтін алып зауыт салына бастайды.

Келер жылы бұл кәсіпорынның құрылысы аяқталып, атыраулықтар жергілікті көкөністерді қыс мезгілінде де пайдаланатын болады.

Ал, өз өнімдерін біздің елге жеткізгісі келетін ресейлік зауыттың тауарына сұраныстың болуы екіталай. Мамандар отандық кәсіпорынның оған бәсекелес болатынына толықтай сенімді.

Сырым Рысқалиев, Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Бұл соңғы үлгідегі модернизация жасалынған кешен болады. Бұл жерде 7 мың тоннаға дейін өнім сақталады. Қыс айларында 600 мың тоннаға дейін өнім өңделеді.

Осыдан соң атыраулық делегация Астрахань облысының губернаторымен кездесіп, Кедендік Одақ аясында екі өңір арасында сауда-саттық көлемінің өскендігін тілге тиек етіп, экономикалық байланыстың одан әрі нығаюы турасында әңгіме өрбітті.

Александр Жилкин, Астрахань облысының губернаторы:

Қазіргі таңда, Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы  артып келеді. Атырау мен Астрахань өңірлері арқылы Иран мен Әзірбайжаннан, Ресейдің оңтүстік өңірлерінен, тіпті Еуропадан тауар тасымалданады.

Сондықтан да, біз Волга өзені арқылы екі өңірді жалғайтын транзиттік жүктердің кедергісіз тасымалдануына арналған көпір салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, екі өңірді жалғайтын тасжол бойында инфрақұрылымды бірлесіп, жақсартатын боламыз.

Мұндай бірлескен шаралардың қолға алынуы екі ел арасындағы әріптестікті нығайтып, экономикамызды еселеуге септігін тигізеді. Жалпы, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы өткен жылы  308 миллион АҚШ доллары болды. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді.

Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу